14 қараша – Халықаралық логопедтер күні
Логопед – тіл қызметінің қалыптасуын, фонетикасын, лексикасын, грамматикалық қатарын, тіл мүкістігін түзейді
Бүгінгі таңда бала тілінің кешеуілдеп шығуы қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Тілінде мүкістігі бар бүлдіршіндер логопед маманының жіті бақылауында болуы тиіс. Логопед маманына артылар жүк тым ауыр. Осындай ауыртпашылығы мол саланы таңдаған маманның бірі – Әсем Тәтімбекова. Ол Қостанай педагогикалық институтын тәмамдаған кешегі студент болса , бүгін мықты маман бола білді. Ол бүгінде өз жұмысының қыр-сырын жақсы меңгерген білікті маман. Қазіргі таңда Меңдіқара аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде абыройлы жұмыс жасауда. Ол әрбір баланың дұрыс сөйлеп кетуіне қол үшін беріп, күнделікті қажырлы еңбек етуде. Алдына келген ата-аналардың тілін тауып, бүлдіршіндердің тілін баптап келеді.
Әсем баланың тілін ғана емес, жанын түсінетін, жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын білімді де, білікті маман. Алған білімін бала тәрбиесіне арнап, әр ата-ананың алғысына бөленуде. Жұмысын басты орынға қойып, балалардың дамуындағы кемшіліктерді барынша түзету және қалпына келтіру үшін аянбай еңбек етуде. Оның жасаған жұмысына мекеме басшысы Ольга Овчарова да дән риза. Әсемнің атқарар жұмысының жүгі ауыр және ол өз жұмысын адал және аса жауапкершіліпен атқаратынын жасырмады.
– Менің бұл салада еңбек еткеніме сегіз жыл уақыт болды. Сегіз жылдың ішінде өз жұмысымда қиылы да, қызықты сәттерді бастан өткердім. Алдыма мұңын айтып келетін ата-ана, ерекше денсаулықпен келетін бала да жетіп артылады. Әр қиналған жанның жанын түсініп, көмек көрсету менің парызым. Мен өз мамандығымда адамгершілікті басты орынға қоямын. Мамандығымыз үнемі жаңашылдықты, ізденісті, үлкен еңбекті талап етеді. Қиналып келген сәбиге үміт отын сыйлау мен үшін үлкен қуаныш, – дейді Әсем Тәтімбекова.
Әсем жұмысында білімді маман болса, отбасында аяулы ана, сүйікті жар, ибалы келін. Жолдасы Сейіт екеуі перзенттеріне саналы тәрбие беріп, көпке үлгі болуда. Бұл отбасында қарлығаштай Айдана есімді қыздары, әке үмітін ақтар Санжар есімді ұлдары өсіп келеді. Ұл мен қызды қатар тәрбиелеген жас отбасы, балаларының ертеңінен үлкен үміт күтіп, бүгінде балаларына жақсы тәрбие беруге тырысуда. Әрқашан бір-біріне демеу болып, отбасы құндылығын басты орынға қояды екен.
Мереке қарсаңында балапандардың болашағына үлкен үміт сыйлап жүрген Әсемнің отбасына амандық, жұмысына мол табыстар тілейміз.
Тұрсынай Мұхтарқызы
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31