“Бақыттың бастауы – еңбекте”, – дейді Кужахметовтар жанұясы
Федоров ауданына қарасты елді-мекенде туып-өсіп, ер жеткенімен адал еңбегі Меңдіқара еліне сіңген Байбол Үменұлы Кужахметов бүгінде құрметті зейнеткерлікте.
1977 жылы Гүлнар апамыз екеуі енді ғана шаңырақ көтерген жас отбасы ретінде аудан орталығына табан тіреген екен. Сол жылдары Байбол ағай қолына әлі дипломын алмаған студент, алғашқыда қарапайым жұмысшы, кейін Харьков совхозында прораб болып еңбек етеді. Еңбекқорлық пен өзіне жүктелген жауапкершілігіне деген адалдығының арқасында алғашында аудандық атқару комитетінің орынбасары, уақыт өте келе әкімшілік басшылығының орынбасары болып тағайындалып еңбегінің жемісін көрді. Талай жыл Меңдіқара ауданы әкімінің орынбасары қызметін де зор жауапкершілікпен атқарып, зейнеткерлікке қадам басты.
Өмірінің 42 жылын қарапайым жұмысшыдан мемелекеттік қызметкерлікке дейін арнаған ағамыз ел үшін еңбек еткен әрбір сәтін ыстық естелікпен еске алып отырады. Әрқашан жақсы ісі жоғарыдан бағаланып, Байбол ағамыз облыстық, аудандық басшыларының марапатына кенде болмады. Бұл өлшеусіз еңбегінің жемісі екені сөзсіз. Дегенменен зейнеткерлік жасқа келгенде ескерусіз қалып қалған сәттер көңілге кірбің әкелерін де тілге тиек етті.
Гүлнар апамыз мамандығы бойынша есепші, талай жыл сатушы болып еңбек еткен кісі. Бүгінде сауда саласында.
Еңбекке бас иетін, адалдықты ту ете білетін осындай тамаша жанұяда дүниеге келген тұңғыштары Жұлдызай мен ұлдары Рүстем де өте тәрбиелі, білімді жандар. Әке көреген оқ жонар, шеше көрген тоң пішер дегендей ата-анасынан алған үлгі-өнегелерін өмірлік ұстанымдары етеді.
Бүгінде екеуі де еңбектерін Нұр-Сұлтан қаласында жағастыруда. Жұлдызай пополковник, Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің қызметкері. Рүстем Қазақстан Республикасы Парламентінде жауапты қызметте.
Балаларымыздың соңынан ерген, өміріміздің жалғасы болар немерелер біз үшін өмірдің мәні мен сәні – дейді, Байбол ағай мен Гүлнар апай. Атасы мен әжесінің көз қуаныштары Дастан мен Дания да есейіп келеді. Балаларының әрбір демалысын мерекеге айналдыратын ата-әжесі жуырда ғана астанада қонақ болып қайтқан екен.
Еңбекке адалдық таныта білген, бала-шағасына еңбегімен үлгі болған жандар жайында айта білу біздің парызымыз.
Қымбат НАҒАШЫБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31