Туған өлкеме – 90 жыл!
Осындай сәні мен салтанаты жарасқан біздің Меңдіқара ауданының құрылғанына биыл -90 жыл толғалы отыр
Қасиетті, құт мекен Шиелі ауылында туғанымды мақтан етемін, әркімге өз ауылы – алтын бесік қой, шіркін! Табиғаты көркем әрі бай ауылымыздың атына сай бұл өлкеде шие жемісі өте көп өседі. Шыршалы-қарағайлы ну орманы мен балығы ойнақтаған көлінің өзі көрген жанды тамсандырмай қоймайды. Осындай сәні мен салтанаты жарасқан біздің Меңдіқара ауданының құрылғанына биыл -90 жыл толғалы отыр. Осы орайда мен өз ауылым жайында айтқым келеді.
Менің туып-өскен мекенім қара шаңыраққа айналған бастауыш мектебі бар шағын ауыл болғанымен тұрғындары өте ұйымшыл, еңбекқор кісілер. Ауыл тұрғындары бірігіп шағын шаруашылық ашып, бүгінгі күні егін егіп, мал бағып өз алдарына еңбек етуде. Сондай-ақ, қожалық иелері өз ауылдарына деген көмектен аянып қалмайды.
Ел тарихында ерекше орын алатын күндердің бірі- Ұлы Жеңістің 75 жылдығына байланысты ауыл орталығында соғыс ардагерлеріне арналған мемориалды тақта орнатылды. Соғыс майданына біздің ауылдан 73 ер азамат аттанып, соның 40 азаматы елге оралмапты. Бүгінде ауыл көшелеріне жауынгер аталарымыздың есімдері берілуде. Мен тұратын үй орналасқан көше Ұлы Отан соғысының ардагері Тәуекел Жұмасұлтанов атамыздың құрметіне аталып отыр. Туған ауылымыздың тереңде жатқан тарихы жайында бастауыш сыныпта оқып жүрген кезімізден ұстазымыз Есенгелді Нұрахметов ағайымыз жиі айтып, таныстырып отыратын.
Біз үшін алтын ұяға айналған шағын ғана ауылымыздың болашағы үшін әрбір тұрғын қолдан келген көмегін жасауға тырысып келеді. Ерекше қолдау білдіруден еш тайынбайтын жеке қожалық иесі Аблай Жетпісбаев ағайдың еңбегіне де елі разы.
Мен туған ауылымды жақсы көремін, болашақта білімім мен еңбегімді туған еліме арнайтын боламын деген сенімдемін.
Аяулым Басанова,
Ғ.Жұмабаев атындағы Боровской мектеп гимназиясының 8 «Ә» сынып оқушысы
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31