20 қараша – Халықаралық педиатрлар күні
Педиатр дәрігері – ең айтулы мамандықтардың бірі болса, балаларды емдеу – болашақты сақтаумен бірдей. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі мол, атқаратын жұмысы ауқымыды.
Ах халатты абзал жандардың мерекесіне орай, алғаш еңбек жолын Меңдіқара аудандық ауруханасында бастаған жас маман – Альмира Жаңбырбаеваны қалың оқырманмен таныстырғанды жөн санадық. Бала кезінен дәрігер болуды армандаған Альмира, бүгінде аңсаған арманына қол жеткізіп қана қоймай, балғындардың өміріне араша түсуде.
Мектепті ойдағыдай аяқтаған жас бойжеткен арманы жетелеп Қарағанды медициналық университетінің студенті атанып, педиатр мамандығын таңдады. Жеті жыл аталмыш оқу ордасында білім алып, қолына дипломын алды. Оқуын аяқтай сала Меңдіқара ауданына аудандық орталық ауруханасына жұмысқа тұрды. Алғаш еңбек жолын бастау, оңайға соқпағаны анық. Дегенмен, әріптестері жаңа келген жас маманға үлкен қолдау білдірген екен.
– Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде Меңдіқара ауданына педиатр маманы керек екенін естіп, еш ойланбастан осы ауданда еңбек етуді ұйғардым. Табиғаты сұлу, жандары жайсаң жандары бар ауданда алғаш еңбек жолымды бастадым. Әріптестерімде, аудандық әкімшілікте үлкен қолдау білдірді. Бағдарлама арқылы баспанаға қол жеткізіп, көтерме ақыға да қол жеткіздім. Бүгінде еңбегімді балалардың денсаулығына арнап, абыроймен еңбек еткім келеді. Дәрігер болу бала кезгі арманым болатын, – дейді жас маман.
Жүзінен мейірім мен жылулық ескен Альмира Қанағатқызы бүгінде қызығы мен шыжығы қатар жүретін саланың қыр-сырын игерген білікті маман. Алдына ем іздеп келген кішкентай бүлдіршіндердің жанына араша түсіп, еңбегін адалдықпен атқаруда. Қиналған сәби мен көмек сұрап келген ата-аналардың қиындығын кең пейіл жүрегімен сезініп, ауруына шипасын силап, көңілге сәуле сыйлауда. Ол жұмысын шын сүйетін, ақ халатты абзал жан. Таңнан кешке дейін, жанына шипа іздеген науқастарының көңілен шығып, ем-домын жасап көптің алғысына да бөленіп үлгерді. Бұл жас маманның жұмысына деген сүйіспеншілігінің нәтижесі болса керек.
Бүгінде ауданымыздың игілігі үшін қалтқысыз еңбек еткен жас маман, үш бірдей перзенттің анасы, сүйікті жар, ибалы келін. Еңбегі мен қатар отбасының берекесін келтіріп отырған жан. Жолдасы Әсет екеуі сыйластығы жарасқан жанұялардың біріне айналды. Отағасы жарының зор еңбегін қолдап, әркез демеу болуға тырысатындығында жасырмады.
– Жолдасым екеуіміз студенттік кезден қиындықтың барлығын бірге көріп келеміз. Жұмысымда білікті дәрігер болсам, отбасымда нәзік жанды әйелмін. Дәрігердің жұмысын білесіздер, біз сағат тіліне қарамай еңбек етеміз. Мен үшін отбасымның қолдауы, басты орында. Қолдаушым да, қорғаушым да – отбасым, – дейді Альмира Жаңбырбаева.
Адам денсаулығының мықты болуы – медицина саласында еңбек етіп жүрген дәрігерлердің қолында. Осы орайда үлкен мамандықтың иесі атанып, зор еңбектің жүгін арқалаған жас маманның еңбегіне сәттілік, отбасына береке- бірлік тілейміз.
Тұрсынай Мұхтарқызы
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31