Меңдіқара ауданында Ғ. Жұмабаев атындағы мектеп гимназиясында ұлағатты ұстаз Қапар Нұрабаев атындағы сынып ашылды
Қарашаның 7-ші жұлдызында аудан орталығында орналасқан Ғаббас Жұмабаев атындағы Боровской мектеп-гимназиясының төрінде ұлағатты ұстаз Қапар Жұмасұлтанұлының атындағы сыныптың ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты жиынға Қапар Нұрабаевтың жұбайы, балалары, ет жақындары мен бірге қызмет жасаған әріптестері жиналды. Ұлағатты ұстаздың есімі берілген география кабинетінің лентасын қию аудандық білім беру бөлімінің басшысы Гүлдана Ахметова мен Қапар ағайымыздың жары Зауре Нұрышқызына табысталды.
– Білім беру саласында өзіндік сара жолын салып кеткен, таланты мен талабы қатар ұштастқан ардақты ұстазымыз Қапар Жұмасұлтанұлы мәңгі біздің есімізде болмақ. Бүгінгі күн география пәнімен қанатын қатайтқан, сол қанатының астынан талай шәкіртті түлетіп ұшырған қадірлі ұстазымыздың есімімен аталатын сынып кабинетінің тұсауы кесілген күн. Қазақ мектебінің бой көтеруіне өзіндік үлесін қосқан ұлы тұлғамыздың есімін ұмыт қалдырмай, өскелең ұрпақ бойына дарытып, есімін жаңғыртып жүрген мектеп ұжымына алғысымыз шексіз. Ұстаз деген ардақты есімді көк тудай көтерген жанның есімі шәкірт санасында мәңгі сақталуы тиіс, – дейді аудандық білім беру бөлімінің басшысы Гүлдана Айтмағанбетқызы
Әрбір әрекеті өнегеге толы Қапар ағамыздың сабақ беру әдісі де өзгеше болған екен. Сол өзгешелік өзінше сара жолын тауып, сол жүрген жолмен жүргісі келген шәкірттері де аз болмапты. Ұстазының жолын қуып, бүгінгінің жаңашыл географ ұстазы, кешегі Қапар ағамыздың мақтан еткен шәкірті, қазақ мектебінің ең мақтаулы ұстаздарының бірі Алмат Қиялов өмірлік ұстазы Қапар Жұмасұлтанұлына алғысы шексіз екенін жеткізді.
Жиын барысында география сабағының үздік оқушылары ортаға шығып, көпшілік алдында түрлі логикалық сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерімен бөлісті. Мектептің үздік оқушылары ұлы ұстаздың құрметіне орай өлең шумақтарын мәңерлеп оқып, жиылған жұртшылықтың көзіне ыстық жас ұялатты. Зауре апайымыздың анасы Нағима Жақыпқызы Қапар ағайымызға арнап «Елге сәлем» атты өленің жазған екен. Сол өлеңді тұңғыш рет Марат Кеңшілікұлының музыкалық аспаппен сүйемелдеуімен Азат Серікбай мүлтіксіз орындап шықты.
– Марқұм жұбайымның есімі мен жасаған еңбегін ұмыт қалдырмай, әрдайым жаңғыртып, болашақ ұрпақ бойына дарытып жүрген мектеп әкімшілігі мен ұстаздар қауымына алғысымыз шексіз. Артында ізгіліктен із қалдырып, сол жолды жалғастырып келе жатқан Алмат Мақсұтұлына алғыс айта отырып, еңбек жолына табыс тілейміз. Жұбайым бар өмірін ұстаздық жолға арнаған жан. Еңбегі бағаланып, есімін өскелең ұрпақтың ұмыт қалдырмай, әр кез жаддарында ұстауы көңіл қуантады. Қапар ағаларынның құрметіне орай ашылып отырған география кабинеті әрдайым құтты әрі берекелі болсын деп тілеймін. Бүгінгі шараны ұйымдастырушы мектеп ұжымы мен өз өнерлерін көрсеткен оқушыларға өз ризашылығымды білдіремін, – дейді жары Зауре Нұрышқызы
Биылғы жылы ұлағатты ұстаздың дүниеден озғанына 20 жыл. Осы орайда Қапар ағайымыздың жары мен балалары жиналған жұртшылыққа ас берді. Қапар ағайымыздың жора-жолдастары, ауылдастары, бірге қызмет жасаған әріптестері жиналып, сөз сөйлеп, еріксіз жаспен еске алды.
Жиын соңында Қапар Жұмасұлтынұылының жұбайы Зауре апайымызбен балалары алғыс айту сөзін сөйлеп, мектеп ұжымына өз сыйлықтарын табыстады.
«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, Меңдіқара жерінің ұлы тұлғасы, ұлағатты ұстаз Қапар Нұрабаев жайлы жақсы естелік жүрегімізде мәңгі сақталады.
Ақжан Байтұрсынова
Суретті түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31