Ана – өмірдің бастауы
Жұмақтың кілті ананың табанының астында, қашаннан ананы өмірдің бастауы, жарық сәуленің шырағы деп құрмет тұта білген халықпыз
Бұл дәстүрдің маңызы ешқашан азайған емес. Сондықтан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы 8 наурыз қарсаңында күздің бір күнін аналарға арнауды ұсынған еді. Осылайша еліміздің күнтізбесінде “Аналар күні” өз орнын алды.
Бұл күн Қазақстанда жыл сайын қыркүйектің үшінші жексенбісінде аталып өтеді. Аталмыш мереке күні біз де ауданымыздың тұрғыны, көпбалалы ана, өз мамандығының майталманы Зувайра Есенгазинаға жолығып, мерекемен құттықтап қайтқан болатынбыз.
Зувайра Танатқанқызы Меңдіқара өлкесінің тумасы, бүгінде өмірлік серігі Ермек Мұратұлы екеуі қылықты қыз, ұлықты ұл тәрбиелеп, немере сүйіп отырған бақытты жандар. Отбасының тұңғышы Бақытгүл қос мамандық иесі, ортаншылары Алмагүл де екі бірдей жоғары оқу орынын тәмамдап, өз мамандығы бойынша балабақшада тәрбиеші болып еңбек етеді. Үшінші қыздары Маржан құқықтану саласының маманы, тек Гүлбаршын қыздары анасының жолын жалғап медицина саласына бет бұрған, бүгінгі күні аудандық ауруханада медбике қызметін атқарады. Қара шаңырақтың иесі, ата-анасының кенжесі Нұрсұлтан әскер қатарында Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып келген ұлан, қазіргі күні жоғары оқу орыныныда білімін жалғастырып жүрген студент.
Отанасы Зувайра Танатқанқызы өз балаларымен қоса жұмыс барысында да әр балаға мейіріммен, аналық махаббатпен қарайды. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан күннен Ресей елінің Қорған облысына қарасты Юргамыш медициналық училищесіне балалар медбикесі мамандығына оқуға түсіп, кейін қолына дипломын алғалы туған еліне қызмет етіп келеді. Бірер жыл бұрын бала саны бойынша еңбек демалысына шыққанымен бүгінгі күнге дейін жұмыс істеп келе жатқан кейіпкеріміздің еңбек кітапшасында жұмысқа қабылданған 1981 жылдан бері «Меңдіқара аудандық ауруханасының балалар бөлімшесінің медбикесі» – деген бір-ақ, жазу бар. Бұл дегеніміз 40 жылға жуық бір мекемеде адал қызмет етіп, өз мамандығына берік болған жанның үлгілі еңбек жолы. Отағасы Ермек Мұратұлы да ауданымызда талай жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан білікті заңгер, медиатор. 2004 жылдан бастап жеке кәсіпкер ретінде жеке заңгер және медиатор қызметін көрсетеді. Адал еңбектерімен бала-шағасына үлгі көрсетіп отырған Есенгазиндер отбасымен кездесіп көңілге қуаныш орнады.
«Ұяда не көрсең-ұшқанда соны ілерсің» – деген қағидаға сай әр перзентіне ата-аналық қамқорлығын көрсетіп, ел игілігіне еңбек етер азамат тәрбиелеп қатарға қосып отырғанның өзі қандай да бір ерлікпен пара –пар екені айтпасада анық.
Қымбат НАҒАШЫБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31