Ардагер есімі ешқашан ұмытылмайды
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы мәңгілікке есте қалмақ.
Өкінішке орай, жыл өткен сайын біздер Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер қатарының сиреп бара жатқанын көреміз.
«Бүгінгі күн ертеңгі тарих» демекші сол бір айбынды соғыс жылдарының оқиғалары ұшқырлықпен тарих қойнауына енуде. Сондай кезде өшкеніңді жандыратын, ұмытқаныңды жадында жаңғыртып, тарихтағы әр нәрсені, әрбір тұлғаны орын-орнына қойып беретін архив.
Қостанай облысының мемлекеттік архивінде Ұлы Отан соғысы батырларының, қатысушыларының жеке тектік қорлары бар. Сондай ардақты, батыр ардагерлеріміздің бірі Хасенов Қадіржан Хасенұлы.
Қадіржан Хасенұлы 1918 жылы 15 наурызда Меңдіқара ауданы Ақсирақ ауылында дүниеге келген. Каменорал 7 жылдық мектебін бітіріп, 1935 жылдан бастап ауылында жаппай сауат ашу мектебінде сабақ берген. 1939 жылы Меңдіқара қазақ педагог училищесіне сырттай оқуға түсті.
1942 жылдың 15 қаңтарында әскер қатарына шақырылған. Сержанттар дайындайтын мектепте оқып, 1942 жылы 23 маусымда “412” атқыштар полкында әскери ант қабылдап, взвод командирінің орынбасары болып, алғы шепке соғысқа атталған.
Белорусь майданында соғысқан, Белоруссия және Украина жерлерін неміс басқыншыларынан азат етудегі көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен «ІІІ дәрежелі Даңқ» ордендерімін марапатталады. 1945 жылы 17 қаңтардағы Варшава қаласын азат ету шайқасындағы ерлігі үшін «Жауынгерлік шабуылға қатсықаны үшін» және «Шайқастағы ерлігі үшін» медальдерімен марапатталады.
Германияның Штральзвуд, Гриммен, Деммин, Мальхин, Варин, Везенбург қалаларын алғандағы ерлігі үшін, Бас қолбасшы Сталиннің бұйрығымен взвод командирі Хасенов Кәдіржанға алғыс жариялады.
Ұлы Отан соғасының жеңісін 9 мамыр 1945 жылы Хасенов Кәдіржан Берлин қаласында қарсы алып, «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германия түбіндегі Жеңіс үшін» медалімен марапатталды.
1946 жылы 15 қаңтарда туған еліне, үйіне оралған. Келген соң соғысқа дейінгі бастаған оқуын аяқтап, мұғалім мамандығына ие болған. 1946-1950 жылдар аралығында Көктерек мектебінде, 1950-1954 жылдарда Қамысты-Көл мектебінде ұстаздық еткен. 1954 жылы аудандық оқу бөлімінің нұсқауымен Жарсуат бастауыш мектебінің директоры болып тағайындалады.
Өте еңбекқор, адал еңбегі бағаланып, 1972 жылы 15 шілдеде Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері атағына ие болады.
1977 жылы 23 маусымда ұзақ жылдар халық ағарту ісінде жасаған еңбегі үшін, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталады.
1978 жылы жасына байланысты зейнеткерлік демалысқа шығады. Меңдіқара аудандық оқу бөлімінің өтініші бойынша тағы да бір жыл 1979 жылы жұмыс істейді. Қадіржан ата балалардың өнеге, тәлім-тәрбие алуына, олардың сапалы білім алуына өмір жолын арнап, сол жолда аянбай еңбек еткен жан. Жас ұрпақтың елін, жерін сүюге, отанын қорғауға, жалпы патриоттық сезімдерін оятуға зор ықпалын тигізген. Еңбек ету жолы 44 жыл, оның ішінде 40 жыл халық ағарту ісінде еңбек етіп, 4 жыл неміс басқыншыларына қарсы Ұлы Отан соғысында шайқасқан.
Соғыстан кейін алған мерейтойлық медальдары жетерлік.
Жұбайы Сәлимә екеуі 53 жыл отасып бір ұл бір қыз тәрбиелеп өсіріп, бақытты да баянды ғұмыр кешіп 75 жасында Құлшықай ауылында дүние салды. Ұлы Мерекеден төрт немере, қызы Алтыншаштан жеті жиен сүйген.
Соңғы зеңбіректің үні өшкелі қашан Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына міне биыл 75 жыл, яғни жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, жылдар жылжып, ұрпақ жаңарып жатса да отты жылдардың оқиғалары халық жадынан кетер емес. Қанша уақыт өтсе де Ұлы отан соғысындағы халқымыздың ерлігі мәңгі өшпейді. Өйткені ол әділдіктің жолында, адамзаттың болашағы мен бақыты жолында жасалған Ұлы Ерлік. Асылдарымызды ардақтап, қадірімізді ұлықтауға не жетсін.
«Қостанай облысының
мемлекеттік архиві» КММ
архивист Ажар Балтабаева
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31