Атадан қалған асыл өнер

Олардың басты мақсаты – ұлт құндылықтарын қастерлеп, дамыту

Атбегілік – қазақтың ұлттық өнері, көнеден қалған асыл мұра. Қазақ халқы  ашанда бәйгеге қосар жылқыға ерекше мән беріп, қатты бағалаған. Атадан қалған асыл өнерімізді бағалап, көпке үлгі болып жүрген жастардың қарасы біздің ауданда бар екенін естіп біліп, қалың оқырманмен таныстырғанды жөн санадық.

Жас болса да, бүгінде үлкен істі қолға алып, ұлттық өнерді насихаттап жүрген жастарымыз Жангелді ауылының тұрғындары. Абылайхан Жүрсін мен Ернұр Өтеген жылқының бабы мен күтімін он саусақтай біледі. Қасиетті жануарға ерекше ынтамен қарап, бүгінде талай жеңістің тұғырынан да көрінген екен.

Абылайхан алғаш сәйгүлікке отырған кезде не бары он екі жасар бала болатын. Аудан орталығында өтіп жатқан іс-шарада Қалиолла ағайымен танысқан көрінеді. Жас баланың ептілігін байқаған Қалиолла ағай, сол күннен бастап өз білгенін Абылайханға үйреткен екен.

– Қалиолла ағайымызбен екі мың оныншы  жылы таныстым. Әкемнен рұқсат алып, маған тәлімгер болды. Білгенін үйретті. Ол кісі мықты атбегілердің бірі болған жан. Бүгінде өмірден озды. Жақсының аты өшпейді деген осыдан шықса керек. Әкем мен ағайымның үйреткені маған бүгінде өмірлік азық десем артық айтпаған болармын. Бүгінде Ернұр екеуіміздің көздеген мақсатымыз бір. Ұлттық өнер мен ұлттық спорттың дамуына өз үлесімізді қосып келеміз. Жеті қазынамыздың бірі – жылқы малының қадірін түсініп, сүйікті ісімізбен айналысып жүрген жандармыз. Қазіргі таңда қолдаушыларымыз да, тілекшіміз де ата-анамыз. Сол кісілердің берген ақылы мен үлкен еңбектің арқасында жетістікке, көздеген мақсатымызға жетіп келеміз, – дейді Абылайхан.

Бүгінде рухы мықты қос батыр көкпар ойынының да қыр-сырын жетік меңгерген екен.  Олар қазіргі таңда тіс қаққан көкпаршылар. Ептілік пен қайсарлықты талап ететін ұлттық ойынымзда талай мәрте өздерін сынап та, шыңдап та келеді.

Бар ынта-жігерімен ұлттық ойынды дамытуға күш салып көпке үлгі бола білген жігіттердің жауынгерлік рухы мен ойынға деген құмарлықтарын байқадық.  Көкпар десе ішкен астарын жерге қойып, тақымы тастай көкпаршылар екендерін дүйім елге дәлелдеді. Талай доданың дуын қыздырып, жауынгерлік рухтың арқасында намысты қолдан бермей келеді. Алдарына қойған мақсаттары мен болашаққа деген жоспарлары анық екендерін де жасырмады.

– Абылайхан екеуіміз нағашылы жиенбіз. Абылайханға қарап, жылқыға, ұлттық спортқа деген қызығушылығым артты.  Жігітке жеті өнер де аз демей ме. Ер азамат болған соң, атқа міну парызымыз. Бүгінде ауылдағы жас балалар бізге қарап бой түзеп келеді. Үйренемін деген інілерімізге әрқашан қолдау білдіруге дайынбыз. Бізде біреуден ұлттық спорттың қыр-сырын үйрендік. Білгенімізді неге үйретпеске. Жездем Ерлан яғни, Абылайханның әкесіне деген ризашылым шексіз. Ақыл-кеңесін беріп, қолдау көрсетіп отырады. Бізге сенім артқан жақындарымыздың үмітін ақтап, ұлттық дәстүрдің одан әрі дамуына әркез үлес қосқым келеді, – деді көкпаршы  Ернұр.

Абылайханның отбасында барлығы өнерге жақын жандар. Әкесі Ерлан Айсағалиев нағыз тума талант иесі, нағыз шебердің өзі. Қайыстан қамшы өріп, ағаштан ою ойып ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасайтын көрінеді. Отанасы Жұмагүл апайымыз болса домбыраның құлағында ойнап, қазақи әндерді нақышына келтіре орындайды. Жастайынан бауыры Ернұрды да өнерге баулыған екен. Ернұр облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. Домбырада әуелете ән салып, өлең жазуға құштарлығы да бар екен.

Баласы бәйгеге шапса, анасы үйде отырып тақымын қысар демекші Жұмагүл апайымыз балаларының қамқоршысы да, жанашыры. Әркез баласы тартысқа шыққанда тілеуін тілеп, аналық мейірімін төгуде. Балаларының болашағынан зор үміт күтіп, балаларын мақтан етеді.

– Қазіргі уақытта атқа мінетін жігіттердің қарасы азайғандығы жасырын емес. Ал, біздің балалар өз істерін жақсы көреді. Жүрек қалауымен ұлттық спортпен айналысып жүр. Ұлттық спорттың дамуына үлес қосып жүрген осындай жастарға қолдаудың жоқтығы да жасырын емес. Қолдарына дипломдарын алғасын ауылға оралып еңбек етеміз деген ниеттері бар. Екеуінің де мамандықтары мал дәрігері. Болашақтарынан үміт зор. Алға қойған мақсатымыз да жетерлік. Со мақсаттың  бірі – этно-ауыл құру. Ұлттық дәстүрімізді айшықтайтын этно-ауыл құрылып жатса керемет болар еді. Бізде ниет бар, тек қолдау керек , – дейді ұлттық дәстүрдің жанашыры Жұмагүл Қалиева.

Абылайхан мен Ернұрды алда талай аламан жарыстар күтіп тұр. Атбегілік асыл өнерді ұстанып, ұлттық ойынымыздың қадір-қасиетін түсінген жігіттерге әрдайым сәйгүліктеріңнің бабы мен бағы қатар шауып, жүйректеріңіз мәреге дара жетсін деген тілегімізді білдіреміз.

Тұрсынай Мұхтарқызы

Редактор

Recent Posts

В районном центре Мендыкаринского района установили современный пешеходный переход

Такого вида новые технологии в с. Боровское должны были установить в количестве 2 штук. Но ввиду непредвиденных обстоятельств,…

8 часов ago

Дорожники приступили к ремонту одной из основных улиц в селе Боровское раньше срока

ТОО «АБЗ плюс» будет производить замену дорожного полотна еще на двух улицах районного центра: Ауэзова…

5 дней ago

Замор рыбы произошел на одном из водоемов села Боровское Мендыкаринского района

Массовую гибель рыбы можно было наблюдать на берегу озера Зоново, которое находится в самом центре…

6 дней ago

В Мендыкаринском районе разрушен подъезд к мосту

За весь период паводка благодаря оперативным действиям МИО обошлось без жертв и причинения имущественного ущерба…

2 недели ago

В   Мендыкаринском районе ожидается средний ремонт 21 улицы

На эти нужды выделена сумма в 1 млрд 174 млн тенге. (далее…)

3 недели ago

Максим Жалмагамбетов: «Зайнутдинов способен заиграть в чемпионате Италии»

Бахтиер Зайнутдинов на данный момент является лидером и самым дорогим игроком сборной Казахстана по футболу.…

3 недели ago

This website uses cookies.