Аудан жастары мен еріктілер тазалық акциясына қатысты
Қоршаған ортаны таза ұстау, ауылымыздың ажары мен келбетін сақтау әр адам баласының мақсаты мен міндеті. Ауданымызда табиғатты қорғауға және тазалық мәселесіне көп көңіл бөлінген
Табиғатты сақтап, ауылымызды көркейтіп, тазалықты ұстау әр азаматтың денсаулығына кепіл болатындай.
Осы орайда, көктем мезгілінің келуімен аудан орталығында тазалық жұмыстары бастау алып, апта сайын сенбіліктер жоспарлы түрде ұйымдастырылуда.
Өткен аптада Меңдіқара ауданының ішкі саясат бөлімі мен Жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінің ұйытқы болуымен «Таза жағалау» акциясы өтті. Аталмыш акцияда Кәмшат Дөненбаева атындағы Боровской кәсіптік-техникалық колледжінің студенттері мен ұстаздары, Жастар ресурстық орталығының еріктілері, Қазақстан халықтары қоғамдық келісімінің төрайымы Наталья Козлова белсенділік танытты.
Көктемнің келуімен қатар тұрғындар табиғат аясына дем алуға асығатыны жасырын емес. Дем алып қана қоймай, ластап кетіп жататындары да бар. Қар астынан шыққан бөтелкелер, пластикалық ыдыстар көзге оттай басылып, ауылымыздың келбеті мен сұлу табиғатымызға салғырт қарайтын жандардың бар екенін дәлелдеп тұрғандай болды. Дегенмен, жастардың ұйымшылдығының арқасында тазалыққа көңіл бөлінді. Жағалау мен орман ішінің сәнін кетірген түрлі қоқыстар жиналып, жоспарланған санитарлық жұмыстар орындалды.
Қоршаған ортаны таза ұстау мақсатында патриот және ерікті жастар «Таза жағалау» акциясында аса ұйымшылдықпен еңбек етіп, жағалаулар мен орман іші қоқыстан тазарды. Тазалыққа жіті мән берген аудан жастарына Жастар орталығы директорының айтар алғысы шексіз.
-«Таза жағалау» тазалық акциясын ұйымдастырудағы басты мақсатымыз жастарды еңбекке тәрбиелеу, табиғатқа деген жастардың сүйіспеншілігін арттырып патриоттық сезімге баулу, қоршаған ортаны таза ұстау. Күн жылынғалы түрлі тазалық шаралары ұйымдастырылып жатқанына куәміз. Біздің де ерікті жастарымыз аталмыш акцияға аса қуанышпен ат салысуда. Боровской кәсіптік-техникалық колледжінің ұстаздары мен студентеріне де ризашылығымды білдіремін. Алдағы күндерде де жастар ауданымыздың көркеюіне, абаттануына өз үлестерін қосады деген сенімдемін, – дейді орталық директоры Алена Дикая.
«Тазалық саулық негізі» дегендей, жастар қоршаған ортаның тазалығы мен аудан орталығының көркеюіне септігін тигізді. Акцияға аса белсенділік танытып, игілікті істердің үлгісін көрсете білді. Алдағы уақытта да осындай иігі шаралар ауқымды түрде жүргізіліп, аудан орталығы мен табиғат аясы күн санап көркейеді деген сенімдеміз. Барша аудан тұрғындарын тазалыққа және сенбіліктерде белсенділік танытуға шақырамыз.
Тұрсынай Мұхтарқызы
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31