Ауыл мектебінің жас ұстазы – Аида
Аида Қиялова биылғы жаңа оқу жылында ұстаздық жолға алғаш қадам басқан жас маман
Жоғарғы оқу орынын үздік аяқтаған ол бүгінгі күні өзі түлеп ұшқан Ғ.Жұмабаев атындағы Боровской мектеп-гимназиясында математика пәнінен сабақ береді.
Жас ұстазды Нұргүл Жұмаділқызы басқарып отырған мектеп ұжымы да жылы қабылдап, жол көрсетіп, қолдау білдіріп отыр.
Аида бірінші сыныптың табалдырығын Балықты негізгі мектебінен аттағалы бала күнінен математика пәнін сүйіп оқып, болашақ мамандығын да осы саладан таңдағанына өзіне сабақ берген әрбір ұстаздың еңбегі жатқандығын айтады. Ғ.Жұмабаев атындағы Боровской мектеп-гимназиясында жоғары сынып оқып жүрген кездері математика пәнінен түрлі олимпиядаларда бақ сынап, жүлделі орындардан да көрінеді. Мектепті тәмәмдап алдында мамандық таңдау сәті туғанда Аида еш ойланбастан математика пәнінің ұстазы болып, өзіне дәріс берген ұстаздарының жолын жалғастырамын деген шешімге келгендігін жасырмады.
Жас мамандардың ауылдық жерде еңбек етіп, туған жердің көркеюіне үлес қосуларына Елбасымыздың «Дипломмен ауылға» бағдарламасының да маңызы зор. Қолына диплом алған әрбір жас маман аталмыш бағдарлама аясында баспаналы болып, қайтарымсыз көтермеақыға ие болып, алаңсыз еңбек етуге мүмкіндік алуда.
Жас ұстаз Аида да бағдарламаға қатысып алдағы уақытта баспана алуды жоспарлап отыр.
Бүгінгі таңда еліміз жастардың тегін жоғары білім алуын, жұмысқа тұрып, баспаналы болуы үшін түрлі бағдарламалар мен жеңілдіктер қарастырып отыр. Мұндай мүмкіндікке әрбір жас маман ие бола алатыны да қуантады. Жастардың яғни, біздердің тарапымыздан алдымызға нақты міндет-мақсат қойып, аянбай еңбек ету ғана керек деп ойлаймын. Сондықтан өзім сияқты жас мамандарға ауылдық жерде еңбек жолын бастау тіпті тамаша екендігін айтқым келеді,- дейді Аида.
Біз де жас ұстаздың қадамына сәттілік тілейміз!
Қымбат НАҒАШЫБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31