
Ауылдың өз брендін қалыптастыру мақсатымыз
«Әйел бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетеді» – деген бір ауыз сөз бүгінде заман талабына сай еңбек етіп, отбасы ошақ қасынан да табылып отырған әйелдер қауымына арналып айтылғандай. Осы орайда әйелдер қауымының қоғамдағы алар орыны жоғары екенін де айта кеткен жөн болар.
Кезекті мақаламызда еліміздің қоғамдық-саяси өміріне зор үлес қосып келе жатқан нәзік жанның еңбегі жайында баяндамақпыз.
Жанат Байбулатова ауданымызға қарасты Алешин ауылдық округінің әкімі. Жанат Тілеуқабылқызы 1969 жылдың 17 тамызында сол кездегі Боровской ауданының Введен селосында дүниеге келген. 1986 жылы Жангелді орта мектебін үздік аяқтап, Қостанай ауыл шаруашылық институтына оқуға түскен. Жоғары оқу орнын 1990 жылы қызыл дипломмен аяқтай еңбек жолына қадам басады. Ал, 2012 жылдан бастап Алешин ауылдық округінің әкімі қызметін аброймен атқарып келеді. Мемлекеттік қызметке қадам басқан алғашқы күннен бастап алдына қойған мақсаты – өзі басқарып отырған округті тұрақты дамыған ауылдар қатарына қосу болды. Ауылдың өз брендін қалыптастыруды да мақсат етті. Осы орайда әр таңды жоспармен бастап, нақты нәтижелерге қол жеткізумен еңбек етіп келеді.
– Ауыл халқының өмірі де ерекше. Күнделікті жұмыс барысында жергілікті әкімдікке өз шағымымен, не мәселесімен сондай-ақ көмек сұрап келетін ауыл халқына қашанда қол ұшын беру біздің парызымыз. Әрине, кез-келген мәселені шешуге тырысамыз, дегенменен қолымыздан келмей жатса кеңес беріп, жол көрсетеміз. Ауыл әкімі ретінде шаруашылық қожалықтарының көмегіне жүгінетін кездер де болады. Олар да ортақ көмектерін аямайды. Әкімдік қызметтің басты қағидасы әрбір мәселеге бей-жай қарамай, жанашыр бола білу керек деген ойдамын. Тұрғындарды алаңдататын жайт ауыл көшелерінің жарықтандырылуы, сапалы тас жол, өрт сөндіру сұрақтары. Бәрі өз кезегінде шешімін табуда, – дейді ауылдық округ әкімі Жанат Тілеуқабылқызы.
Осы еңбек жылдарында Жанат Тілеуқабылқызы бірнеше мәрте облыс, аудан әкімдерінің грамоталарымен қатар Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің – 25 жылдық мерейтой төсбелгісімен, «Нұр Отан» партиясының Бірінші орынбасарының Алғыс хатымен және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-экономикалық даму комитеті төрағасының грамотасымен марапатталған. Сондай-ақ, былтырғы жылы «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында «Қазақстан әйелдерінің ауылды кешенді дамыту мен ТМД-2030-дың орындалуына қосар үлесі» тақырыбында Қазақстанның ауыл әйелдерінің ІІ форумына облыстық делегат қатарынан ат салысып, тәжірибе алмасып қайтты. Жанат Тілеуқабылқызының есімі 2019 жылы жарық көрген Қостанай облысының Табысты әйелдері кітабына да енген еді. Мұның бәрі табжылмас еңбек пен білімнің, туған жерге деген ерекше махаббаттың арқасы деп білеміз.
Қоғамда басшылық қызмет атқарып, ерлермен иық тірестіре қызмет жасағанымен отбасында адал жар, сүйікті ана Жанат Тілеуқабылқызы өмірлік серігі, әрдайым қолдаушысы, қорғаны бола білген жан жары Найман Қапарұлы екеуі Асел, Айнұр есімді қос қыздарын тәрбиелеп, қатарға қосты. Үлкендері Әсел «Болашақ» бағдарламасымен Лондонда білім алып келіп, еліміздің бас қаласы Нұрсұлтанда еңбек етуде. Кіші қыздары биылғы 2020 жылы Гумелев атындағы ЕҰУ «Экология» мамандығы бойынша үздік аяқтап, қолына дипломын алған жас маман. «Ана көрген тоң пішер» – дегендей қыздары да аналарынан үлгі алып келеді.
Үздік ауыл әкіміне лайық жанның бірі Жанат Байбулатованың ұстанымы осындай.
Қымбат НАҒАШЫБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31