Бақыт та, байлық та – немерелер …
Есет ағай мен Бөпежан апай талай жыл адал еңбек етіп, бүгінде еңбектерінің жемісін көріп, немере қызығына бөленіп отырған бақытты қариялар.
Есет ақсақал жастайынан бүгінде Ұзынкөл ауданы, сол кездері Ленин ауданынан еңбек жолын бастап, аудандық партия комитетінде қызмет жасаған.
Кейін 1973 жылдан бастап Меңдіқара елінде өз қызметін жалғастырып, аудандық және «Заря» колхозында партия ұйымының хатшылығын да абыроймен атқарғандығына елі куә. Өмірлік серігі Бөпежан апамыз да қырық жылдан астам уақыт бастауыш сынып ұстазы болған кісі. Еңбек ете жүріп бала тәрбиесі мен үй шаруасына да ерекше көңіл бөлген екен.
Есет ағай жалпы мамандығына байланысты жиырма төрт жылдан астам уақыт Долбушка, Лесной негізгі мектептерінде директор қызметін атқарып, зейнеткерлікке шыққанымен бүгінде аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысын атқаруда. Екі жылдан астам уақыт өзіне зор сеніммен жүктелген қоғамдық жұмыстың да нәтижелі екенін айта кеткен жөн болар.
Бүгінде Халықаралық қарттар күніне орай аудандық ардагерлер кеңесінде қызу жұмыс атқарылуда. Ауданымызда төрт мыңнан астам зейнеткер, үш Ұлы Отан соғысының ардагері және он тыл ардагері тіркелген, мереке қарсаңында осы кісілерді құттықтау және сый-құрмет көрсету үшін іс-шаралар жоспары жасалып жатыр. Қашанда үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу дәстүрі – қазақ халқының ата салты екені белгілі. Елімізде қарт адамдарға деген ықылас жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді.
Алдағы күндері облыс орталығында өтетін облыстық ардагерлер кеңесінің отырысына қатысамын. Ол жерде Ұлы жеңістің 75 жылдығына орай жұмыс жоспары қаралатын болады, дейді- Есет ақсақал өз сөзінде.
Ағай мен апай екі ұлы мен қызынан ерген немерелерін өмірдегі бақытпен байлыққа теңейді. Бүгінде қара шаңырақта өздерімен бірге кенже ұлдары мен келіндері тұрады. Қолдарындағы немерелері Даяна мен Даниял ата-әжесінің тәрбиесімен, мейіріміне бөленіп өсіп келеді.
Біз де мереке қарсаңында Есет ағай мен Бөпежан апайға ұзақ ғұмыр, қазыналы қарттық тіледік. Осындай еңбекке бас иген қарттарымыздан жас ұрпақ қашанда үлгі-өнеге алса игі.
Қымбат НАҒАШЫБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31