Биыл Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 32 жыл толды
15-ші ақпан – Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылған күні
Бұл соғыс 9 жылдам астам уақытқа созылды. Жалпы, интернационалдық борышын өтеу үшін Қазақстан жерінен 22 мыңға жуық сарбаз жіберілді. Олардың мыңға жуығы ұрыс алаңында ерлікпен қаза тапса, ондаған адам хабар-ошарсыз кетті. Майданның қасіретін көргендердің ішінде біздің де жерлестеріміз бар еді.
Еліне мұра, ұрпағына ұран болған тарихи датаға орай аудан төрінде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Аудандық «Юбилейный» Мәдениет үйінің өнерпаздары үлкен мерекеге орай онлайн концерт ұйымдастырды. Майдан даласында қаһармандық танытқан майдангерлерімізге арналған мерекелік концертте –көзі тірі ардагерлерге құрмет көрсетілді. Меңдіқара аудандық Қорғаныс бөлімінің басшысы, майор Қайсар Сыпабеков Ауған соғысының ардагерлерін айтулы мерекемен құттықтап, ел үшін кеудесін оққа тосқан ардагер ағаларымызға шексіз ризашылығын білдірді.
Бұл күнде қаза тапқан жерлестерімізді еске алып, жас ұрпаққа аға буынның ерлігін насихаттау мақсатында үлкен мәдени іс-шара өткізілді. Ауған соғысының құрметіне арналған мерекелік концертте Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қызметкері Бақытжан Сәуекенов «Ардагерлерге тағзым» атты әнімен жүректі тебірентті. Өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салып, сахна төрінде соғыс жылдарындағы алмағайып заман туралы көрініс орын алды. Кеш соңы әскери-патриоттық әндермен жалғасын тапты.
Мереке қарсаңында Мәдениет үйінің қызметкерлері Меңдіқара аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Алесандр Маскаловпен онлайн кездесу өткізді. Кездесу барысында ардагер ағамыз сұрапұл соғыс кезіндегі қасіретті күндерді еске алды. Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 32 жыл толуымен, өз замандастарын құттықтады.
– 15-ші ақпан тарихта мәңгі қалатын күн. Басымыздан көп қиындық өтті, көп қасірет шектік. Өмір өз жалғасын тауып жатыр, бүгін бейбіт күнде өмір сүріп келеміз. Барша Ауған соғысының ардагерлерін келіп жеткен айтулы мерекемен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық тілеп, әр күндерініз қуанышқа толы болсын деген ақ тілегімді білдіремін. Жас ұрпақ ешқашан қиындық көрмесін, -деді ардагер.
Бұл сұрапұл соғысқа біздің ауданнан аттанған жерлестеріміз көп еді. Сондай жанның бірі – жерлесіміз Қайырбек Мұқанов. Бүгінде жерлестері мен майдандастары Қайырбек ағамызды ұмыт қалдырмай, әрқашан мақтан тұтары анық. Қайырбек ағамыз Ауған соғысында ерлікпен қаза тауып, ел үшін кеудесін оққа тосты. Бүгінде ұлт мақтанышына айналды.
Үлкен мерекенің қарсаңында «Юбилейный» Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Байдос Қожсағиев жерлесіміз Қайырбек Ахатұлының туып-өскен елі, Көктерек ауылына ат басын бұрды. Көктерек негізігі мектебінде орналасқан Қайырбек ағамызға арналған мұражай бұршына саяхат жасап, майдангер ағамыздың туған бауыры. Батырбек Мұқановпен кездесіп, сұхбат жүргізді. Сұхбат барысында жауынгердің өмірі мен ерлігі жайлы айтылды.
Сондай-ақ, мерекеге орай ауылдық округтердің мәдени ошақтарында да ардагерлердің ерлігін өскелең ұрпаққа насихаттайтын бірқатар игі шаралар ұйымдастырылып, ардагерлерге құрмет көрсетілді.
Тұрсынай Мұхтарқызы
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31