Еңбек адамы, ел жанашыры Марат Ахметовтың «Азат и Д» шаруашылығына 20 жыл
Меңдіқара ауданындағы алдыңғы қатарлы ауыл шаруашылық қожалықтарының бірегейі «Азат и Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып табылады. Марат Жұмасұлтанұлы Ахметов басқарып отырған аталмыш серіктестік аудан бойынша биылғы егін орағын жақсы көрсеткішпен аяқтап отыр. Шаруашылық көктемде жалпы 5 мың гектар алқапқа дән сепкен болса, оның 40 пайызын майлы дақылдар алып отыр. Биылғы жылдың түсімі бойынша лён гектарынан 6 центнер, рапс 18, шемішке 11-12 центнерді көрсетіп отыр. Бидай, арпа, сұлы да жақсы өнім берген. Күзгі егін орағында «Азат и Д» шаруашылығында оннан астам комбайн, оның сыртында бірнеше жүк машиналары мен тракторлар, жетпістен астам жұмысшы еңбек еткен екен.
– Біздің шаруашылықтың техникалық паркі бүгінгі күні 80 пайызға жаңартылған, жұмысшылырға қолайлы жағдай жасап отырмыз. Жаңа техникалар арнайы бағдарламалармен жабдықталған, кабина ішінде бір қалыпты температура, басқа да қажетті ақпараттарды арнайы экрандардан көріп отыруға болады. Бұл дегеніміз егін алқабында ешбір қиындықсыз жұмыс жасауға мүмкіндік беріп отыр. Тұқым мәселесіне келетін болсақ біз жыл сайын элиталық, жоғары сұрыпты дәнмен жұмыс жасаймыз. Соның арқасында жақсы өнімге қол жеткізіп отырмыз. Әрине, биылғы ауа райының қолайсыздығына байланысты алып отырған өнім былтырғымен салыстырғанда төмендеу дегенменен, жаман демейміз, – дейді шаруашылық басшысы Марат Жұмасұлтанұлы.
Егістік науқанында еңбек етіп, жақсы нәтиже көрсеткен механизаторлар егін орағынан соң қомақты еңбекақы мен арнайы көтерме сыйақыға да ие болатындығын да білеміз. «Азат и Д» шаруашылығында бұл үрдіс жыл сайын көрініс табады, жұмыскерлер ақшалай марапатталады екен.
– Кезінде біздің шаруашылықта да заттай сыйлықтар мен қатар үздік жұмыскерлерге көлік сыйлау сияқты марапаттар болған, қазір мұндай марапат халықты қызықтыра бермейді, өйткені бүгінде кез-келген зат қолжетімді. Сондықтан қазір біз еңбектерін қаржылай бағалаймыз. Биыл да ауылшаруашылық қызметкерлері күні қарсаңында жұмыскерлерді марапаттаймыз. Ал, алдағы келе жатқан ауылшаруашылық күнімен ауданымыздың барша шаруашылық қожалықтарының басшыларын, егістік алқабында еңбек етіп жүрген жұмыскерлерді құттықтаймын – деді өз сөзінде Марат Ахметов.
Марат Жұмасұлтанұлын халық тек қана шаруашылық басшысы ретінде ғана емес, меценат, ауыл жанашыры ретінде де жақсы танып-біледі. Елі үшін жасап жатқан елеулі еңбегі мемлекеттік жоғары наградалармен де бағалануда. Осы орайда «Рухани жаңғыру бағдарламасы» аясында Марат Жұмасұлтанұлы бір жыл бұрын ауылшаруашылық саласы бойынша өз атынан екі бірдей тегін оқу грантын бөліп, жерлестерін қуанышқа бөлеген еді. Міне, бүгінде осы игі істің арқасында Қаратал ауылының түлегі Мәрден Таңат атты жас жігіт Қостанай мемлекеттік университетінде агроном мамандығы бойынша тегін білім алуда.
Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын демейме, биылғы жылы «Азат и Д» шаруашылығының құрылғанына 20 жыл толып отыр, олай болса Марат Жұмасұлтанұлы басқарып отырған шаруашылық егін орағын жиырмасыншы рет жемісті аяқтап отыр.
Қымбат НАҒАШЫБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31