Халықтың ризашылығына бөленген абзал жан – Раушан Баяхметова
Еңбегімен қатар бала-шағаның тәрбиесімен айналысып отбасына ұйытқы болар аруларымыздың қоғамда алар орны ерекше.
Қай салада болмасын нәзік жанды арулар толассыз еңбек етуде. Олардың қатарында кәсіпкер арулар да жетерлік.
Осындай жанның бірі – Раушан Баяхметова. Раушан бүгінде өзінің кішкентай кәсібін ашып, массаж жасаумен айналысады. Бұл оның жұмысы емес, сүйікті ісі көрінеді. Көптің көңілінен шыға білген маман арнайы оқу-курстарынан өтіп, адам ағзасына жауап беретін түрлі нүктелерді зерттеп, массаж жасаудың техникасын да толықтай игерген екен. 2006 жылдан бері аудан орталығынан арнайы өз кабинетін ашып, дертіне ем іздеген жанның көңілінен шығуда. Массаждың түр-түрін игерген Раушанға аудан орталығынан ғана емес, ауылдық округтерден келетін жандардың қарасы көп. Жаңа туған нәрестеден, еңкейген қарияға дейін оның көмегіне жүгінуде. Еңбекті әділ бағалай біле, өз жұмысын аса сүйіспеншілікпен атқаратын алтын қолды маман талайдың жанына дауа, тәніне шипа болардай ем тауып өз еңбегін адал атқаруда. Аудан жұртшылығы маманның адамгершілігі мен парасаттылығын да қатты құрметтеп, ауқымды жұмысына алғыстарын білдіріп жатады.
– Бала кезден медицина саласында еңбек етуді армандадым. Арманым орындалмай есепші болдым. Бірақ бала кезгі мақсат мені осы кәсіпке жетеледі. Бастапқыда хоббиім ретінде қарадым. Уақыт өте арнайы мамандардың алдына барып, білімімді жетілдірдім. Менің жұмысыма түніспеушлікпен қарайтындар да көп болды. Бірақ көптің көңілінен шыға білдім. Массаж жасаушының жұмысы адаммен тілдесуден тұрады. Алдыңа келген жанның көңілінен шығып, тілін табуың керек. Икемділік, көтеріңкі көңіл-күй де менің жұмысымдағы басты талап. Күніне он адамға дейін қабылдаймын. Талай жандар келеді, кімге болса да өз көмегімді аямаймын, қиналып келген жандарға жылулық сыйлау басты парызым, – дейді массаждың қыр-сырын жете игерген Раушан.
Мысқылдап кірген ауруды жеңу оңай шаруа емес екендігі анық. Бірақ үзілген үмітті қайта жағу, көптің көңілен шығу Раушанның атқарып жүрген күн сайынғы жұмысы. Жүрек қалауы болған салада толассыз еңбек етіп, көптің көңіліне дауа бола білген білікті маманның қолдаушысы отбасы. Бала кезгі арманының орындалуына жолдасы қолдау білдіріп, үлкен сенім артқан екен. Сол сенім бүгінгі күні ақталды десек, қателеспейміз. Қиындығы мен қуанышы қатар жүретін отбасылық өмірде жолдасы Мәулен екеуі қызғалдақтай үш қызды тәрбиелеп, қыздарының қызығын қызықтауда. Жұмысында білікті маман, отбасында аяулы жар, ардақты ана. Шаңырағының берекесін келтіріп отырған – отанасы. Қоғамға өз пайдасын тигізіп, талай жанның еміне дауа бола білген Раушанның еңбек жолы осындай. Ел алғысын арқалаған маманның жұмысына жетістіктер, отбасына береке-байлық, қуаныш тілейміз.
Тұрсынай Мұхтарқызы
фотоны түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31