Кәсіби маман болу мақсатым, – дейді жас фотограф Томирис
Бүгінде цифрлық технологияның дамыған кезеңінде әркім өзінің қасқағым сәттерінің ең бір керемет сәтін фотомен таңбалауға құмар
Дегенмен ең қымбат фотоаппаратты сатып ала салып небір таңғажайыпқа толы фотосуреттерді өмірге әкелемін деу бекершілік. Кәсіби фотограф болудың да өз алдына таланты мен дарыны, сондай-ақ, жүрегіңіз бен басыңыз кемер идеяларға толы болуы керек. 19 тамыз бүкіләлемдік фото күні, атаулы мерекеге 181 жыл толып отыр.
Осы орайда біз фото әлеміне ерекше қызығушылықпен қадам басып, бүгінде тамаша фотосуреттердің авторы атанған Томирис Абаймен таныстырғанды жөн көрдік.
Томирис Ахметқазы Шотаев атындағы Боровской мектеп гимназиясының 11 сынып оқушысы. Өзінің айтуы бойынша фотоға түсіру және фотаппаратпен жұмыс істеуге деген қызығушылығы кәсіби фотостудиядан бастау алған көрінеді. Апасының Қостанай қаласындағы кәсіби фотостудиясында болған сәттен фотоға түсіру мен оны өңдеу жұмыстарына ықылас білдіріп, кейін қолындағы ұялы телефонның камерасымен жұмыс жасауды қолға алады. Кәсіби фотоаппарат сатып әперуді өтінген оның бұл тілегін ата-анасы бастапқыда мақұлдамаған. Бұл тек хобби, өмірлік мамандық деп қабылдамағанын да айтады. Дегенменен өз арманына қанат бітірген Томирис кәсіби фотограф болудың қыр-сырын үйренуден сабақ алып, интернет желісінен өзіне қажетті ақпараттарды жинақтап, білім алуды көздейді. Көп күттірмей жүрекке жылулық сыйлайтын фотосуреттер түсіруді үйренген Томиристің еңбегін бағалаған отбасы кәсіби фотоаппарат алып беруге бел буған көрінеді. Жалпы фотосуретпен айналысқанына үш жыл болса соның жарты жылында қолына кәсіби фотоаппарат алған Томирис бүгінде инстаграмм желісінен @hanshaiyym парақшасын ашып, өз жұмыстарын топтастыруда.
– Алғашында қолымдағы смартфонның камерасына бауырларымды суретке түсіріп, оны сол телефондағы бағдарламалар арқылы өңдеп үйрене бастадым. Кейін қолыма арманымдағы фотоаппаратты алған сәтте құрбыларымды суретке түсіріп жүрдім, кейін мектепішілік іс-шараларды суретке түсіруге шақырту алғанымда қуанышымда шек болмады, бұл менің алғашқы жұмыстарымның бірі болғандықтан ерекше есімде қалды – дейді, Томирис.
«Сен мақсатыңмен жұмыс істемейінше, мақсат сенімен жұмыс істемейді» – деген қағиданы өзіне серік еткен Томирис қызығушылығы мен хоббиі болашақта өзінің сүйікті мамандығы боларына сенім артады. Алдағы мақсаты фотографтар мектебінде білім алу және өз алдына фотостудия ашып еңбек ету. Олай болса әдемілікке жаны құштар, арманы асқақ Томириске сәттілік тілеп, болашақта кәсіби маман болуына тілектеспіз.
Қымбат НАҒАШЫБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31