Кәсіптің бір бағыты-құс өсіру
Долбушка ауылының тұрғындары ерлі-зайыпты Александр мен Галина Геласимовтер құс өсіруді қолға алып, кәсіпкер атанды
Геласимовтер отбасы бүгінгі күні жалпы саны төрт мың бес жүз дана жұмыртқаны басып шығаратын инкубаторлық аппаратпен жұмыс істеуде. Бұл ауылдық жер үшін қомақты жұмыс көзі.
Отбасылық бизнесті қолға алғандарына да біраз уақыт болғанымен аталмыш аппаратқа 2018 жылы мемлекеттік грант арқылы қол жеткізген көрінеді.
– Осы Долбушка ауылында туып-өстім, 18 жыл бойы жеке шаруашылықта сауыншы болып еңбек еттім. Балаларымыз өсіп, ер жеткен соң өз алдымызға еңбек етіп, жақсы табыс табу керектігін түсіндік. Бұл мақсатымды жолдасым да құп көріп, қолдау білдірді. Бұған дейін де шамалы мал-құс өсіретінбіз. Дегенменен әр істі бастау оңай емес екені белгілі. Алдыменен Первомай ауылдық округінің әкімдігіне барып кәсіп ашудың жолдары жайында кеңес алдым. Жергілікті әкімдік мені «Атамекен» кәсіпкерлер-палатасына жолдады. Кәсіпкерлер палатасында «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы білім алу курсын өттім. Кейін өзімнің бизнес жоспарым арқылы мемлекеттік гранқа ие болдым. Алғашында тек балапан сатып алып оны бағып-баптап ет түрінде саудаға шығардық. Кейін кәсібімізді кеңейту мақсатында көтерме баға арқылы облыс орталықтарымен жұмыс істеп, жұмыртқа алдырттық. Оны басып шығару мақсатында инкубаторлық аппарат алдық. Биылғы жылы Петропавл қаласымен жұмыс істедік сәуір айындағы алғашқы жұмыртқаның легін сол жақтағы құс фермасынан тапсырыс бердік. Биыл еліміздегі төтенше жағдайға байланысты көп жұмысымыз ілгері басты, дейді Галина Григорьевна.
– Былтырғы жылы етті тек жәрменкеде саудалаудан бөлек, балапандай және көтерме сауда арқылы еттей өткіздік. Биылғы жылы құс басы азырақ. Қазір тек тұрақты тұтынушылармен жұмыс істеп жатқан жайымыз бар. Дегенменен алдағы уақытта кәсібімізді кеңейту мақсатында жұмыс істейтін боламыз деген ойдамыз – дейді, Геласимовтер отбасы.
Нарықта құс етіне деген сұраныс жоғары. Яғни, табысты бизнестің бірі. Түйіндей айтқанда, Елбасының Жолдауында көрсетілгендей, ауылшаруашылық өнімдерінің сапасын арттыру бағытында байыпты бастамалар ауылда да жүзеге асырылып жатыр. Сондықтан, кәсіпкердің құс шаруашылығы бағытындағы жұмысқа сәттілік тіледік.
Қымбат НАҒАШЫБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31