Ұлттық дәстүрді дәріптеп, талайға үлгі болған отбасы – Досановтар жанұясы
Халқымыз қашанда жылқы малын ерекше бағалаған. Ерттеп мінсең – көлік, еті – тіл үйірер тағам, балдай қымызы – шипалы сусын. Қымыз тек ұлттық сусын емес, емдік қасиетімен де көпке белгілі. Шөліңді қандырып, емдік қасиетімен көпке таныс бұл сусынды қазақ халқы жақсы білгенімен, дайындау түрін біле бермейді.
Ал, татулығы мен достығы жарасқан Байқожа ауылының тұрғындары Еркебұлан мен Ақжібек Досановтар бие байлап, қымыз баптап нағыз еңбектің көзін тауып отырған жандар. Отыз жыл отандасқан бұл отбасы нағыз еңбек адамдары деп айтсақ қателеспейміз. Отағасы Еркебұлан ағай мал шаруашылығымен айналысса, Ақжібек жеңгеміз талай жылдан бері қымыз баптап келеді. Бұл еңбектің қыр-сырын енесі Ақыл әжейден меңгерген екен.
Бұгінде бұл шаңырақтың дастарханын ұлттық сусынымыссыз елестету мүмкін емес. Ауылдастары мен туған-туыстары бал татыған қымыздан дәм татып, ыстық күндері шөлдерін қандырып, отбасының адал еңбектеріне береке тілеп жататын көрінеді.
– Ауылда тұрғандықтан еңбек етпеу мүмкін емес. Нағыз еңбектің қайнаған көзі ауылда. Еңбек етемін деген жанға әрқашанда кәсіп табуға болады. Қол қусырып отырмай бізде еңбек етуді жөн санаймыз. Кезінде енемнің де қымызынан талайлар дәм татыған. Бүгінде менде шипалы сусынды көпке ұсынып жатамын. Ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырып жататын жандар жетерлік. Кезінде енемнің де қымызынан талайлар дәм татыған. Бүгінде қолданып жүрген піспегім маған енемнің енесінен, ұлы енемнен жеткен мұра десем артық айтпаған болармын. Көзімнің қарашығындай сақтап келемін. Аналарымыздың жолын жалғау біздің үлкен парызымыз. Бәрі де ниетке байланысты, – дейді Ақжібек Досанова.
Ақжібек жеңгеміз ауылдас, замандас қыз-келіншектерге үлкен өнеге көрсетіп отыр. Күбесін ыстап, күніне жеті мезгіл биесін байлап көптің алғысына бөленуде. Оның қолынан шыққан май-қаймағы, ірімшігі, құрты да тілдің дәмін үйіреді. Жасаған ісін үлкен берекемен істейтін жанның дастарханы аққа, шаңыраға жылулық пен мейірімге толы. Отағасы екеуі талай қызық-қуанышты бірге бастан өткерген жандар. Бүгінде ауылдағы үлкен қара шаңыраққа иелік етіп, шаңырақтың берекесін келтіріп отыр. Ақжібек пен Еркебұлан Досановтар қос перзентті тәрбиелеп өсірген бақытты ата-ана.
Алғаш қуаныштары, тұңғыш қыздары Әлия жоғары оқу орнын тәмәмдәп, бүгін өз алдына отбасын құрған екен. Анасының жақсы тәрбиесін алып, бір шаңырақтың келіні атанып отыр. Тұңғыштарының Елнұр атты кішкентайы да ата-әжесінің адал еңбектерін үлгі тұтып, өсіп келеді. Ұлдары Жалғас болса, бүгінгі күнде білікті маман атанып ата-анасына қуаныш сыйлауда.
Құндылықты дәріптеп, үлкен еңбектен береке тауып отырған шаңыраққа молшылық, қуаныш тілей отырып, кейінгі ұрпаққа өнеге болғандары үшін шексіз алғысымызды білдіреміз.
Тұрсынай Мұхтарқызы
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31