Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында аудан келіндері сайысқа түсті
Еліміздің ертеңін тәрбиелейтін аналар, келіндер. Өз отандарының берекесін келтіріп, отбасының түтінін түзу ұшыратын да келіндеріміз
Қазақ халқы «келіні жақсының керегесі алтын» деп босағадан енді аттаған келіндеріміздің тәрбиесімен, көрген-түйгеніне аса мән берген. Ертеден келе жатқан үрдіс, қазіргі таңда да маңыздылығын жойған жоқ.
Осы мақсатта Наурыз мейрамы қарсаңында аудандық «Юбилейный» мәдениет үйінің төрінде «Пай, пай, қазақтың келіндері – ай» атты аудандық келіндер сайысы өтті. Аталмыш сайысқа ауданымыздың ибалы, өнегелі, парасатты келіндері қатысты. Сайыс шарты бойынша, келіндеріміз бес түрлі тақырыпта бақтарын сынады. Байқаудың бірінші бөлігінде келіндеріміз жиылған халық алдында өздерін таныстырып өтті. Таныстыру кезеңінен кейін қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдарын дайындаудан өз өнерлерін көрсетіп, аспаздық шеберліктерінің де мықты екендерін дәлелдеді. Ұлттық тағамдарымыздың түр-түрі дайындалып, келіндеріміз көптің көңілінен шықты.
Отбасының берекесін келтіріп, татулығын бекемдей білген келіндеріміз сахнаның төрінде жан-жақты дайындықтарымен ерекшелене білді. Жиылған қауымның ризашылығына, ыстық қошеметіне бөленіп жатты. Сайысқа түскен келіндеріміз қол өнерден де құр алақан емес екендерін де дәлелдеді. Өздерінің ісмерліктерін көрсетіп, қазылар алқасының көңілінен шыға білді. Бірі қазақы нақышта, әсем оюмен көмкерілген көрпеше құраудың хас шебері екенін дәлелдесе, енді бірі заманауи үлгідегі шаш бұйымдарын жасап жатты. Ұмыт болып бара жатқан ұршығымызды да қолға алып, жүн иірудің де дұрыс жолдарын көрсетіп, қошеметке бөленді.
«Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті» тербеген келіндеріміз «Бесік жыры» бөлімінде бесікке салу рәсімін көрсетіп, әлди жырын да нақышына келтіріп орындады. Сыртқы келбеттерімен қатар, парасаттылықтарын да ортаға салған келіндеріміздің бойынан қазақ келініне тән қасиеттер байқалып жатты. Түскен әулеттерінің абыройын асқақтатып, намысты қолдан жібермей өз өнерлерін ортаға салды. Шығармашылық кезеңде бірі мың бұрала би билесе, енді бірі әннен шашу шашып, өлең оқудың да шебері екендерін жиылған халықтың алдында дәлелдей білді.
Сайыс барысында қазылар арқасы да әділ баға беріп, келіндерімізге оң бағаларын қойды. Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлде, «Супер» келін атағына иелік еткен Ғаббас Жұмабаев атындағы Боровской мектеп-гимназиясының ұлағатты ұстазы, қос перзенттің анасы, адал жар, бір әулеттің ибалы келіні Алмагүл Ахметқалиева болды.
– Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында сайысқа түсіп, қазылар алқасының көңілінен шығып, елдің ризашылығына бөлендім. Қуаныштымын, ұйымдастырушылар мен әділ баға берген қазылар алқасына шексіз алғысымды білдіремін. Мұндай шара жиі ұйымдастырылса, салт-дәстүріміз ұмыт болмайды деген сенімдемін,-дейді байқау жеңімпазы Алмагүл.
Тартысты байқауға қатысып, өз өнерлерін сахнаның төрінде паш еткен келіндеріміздің барлығы түрлі номинациялар, естелік сыйлықтар мен марапатталды. Барлық жиылған қауым мен қатысушыларды келіп жеткен Наурыз мейрамымен аудандық мәслихаттың хатшысы Жанат Байбулатова құттықтап, ақ жарма тілегін білдірді.
Барлық санитарлық талаптарға сай өткізілген іс-шара, аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Тұрсынай Мұхтарқызы
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31