Меңдіқара ауданының оқушылары республикалық чемпионаттың жеңімпазы атанып, Түркия еліне жолдама ұтып алды
Ақпан айының 7-8 ақпан күндері Астана қаласында Astana Tech Cup аясында өткен «Fibonacci Robot Olimpiad» работотехника бойынша республикалық чемпионат өз мәресіне жетті.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған дарынды оқушылар қатысқан бұл білім додасы жас өнертапқыштардың шеберлігі мен ізденісін айқындады.
Аталған чемпионатта FootBot mBot League 5-8 сыныптар санаты бойынша Ғаббас Жұмабаев атындағы Боровской мектеп – гимназиясының робототехника үйірмесінің оқушылары Диас Қарабек пен Болатбек Дүненбаев жүлделі 1 орынды иеленіп, Түркия мемлекетінің Анталья қаласында өтетеін Халықаралық жас робототехниктер жарысына жолдама ұтып алды.

Жеңіс тұғырына көтерілген жас робототехниктердің бұл жетістігі – жүйелі еңбектің, табанды ізденістің және білікті жетекшіліктің жемісі. Оқушыларды байқауға дайындаған жетекші – жас маман Нұрдаулет Мәлік. Ол қысқа уақыт ішінде шәкірттеріне тек техникалық білім емес, сенім мен мақсатқа ұмтылудың маңызын ұғындыра білді.
-Жас маман Нұрдәулет Сабитұлы – заман талабына сай ойлайтын, болашаққа бағдар бере алатын жаңашыл ұстаз болып қалыптасып келе жатқанын дәлелдеуде. Тынымсыз еңбектің арқасында қос шәкірті Астана төрінде халықаралық жарысқа жолдама ұтып алды. Жас маман мен оқушылардың республикалық жарысқа қатысуына өз қолдауы мен көмегін тигізген аудандық білім бөліміның басшысы Гүлдана Ахметова мен мектеп басшысы Кемер Дамирұлына өз алғысымызды білдіреміз, – дейді басшының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Дүйсенбаева
Жас робототехниктердің бұл жеңісі – мектеп ұжымы мен ата-аналар үшін үлкен мақтаныш. Алдағы халықаралық жарыста да Диас пен Болатбек еліміздің абыройын асқақтатып, биік белестерді бағындырады деген сенімдеміз.
Ақжан Байтұрсынова
суреттер мектеп тарапынан ұсынылды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31