
Меңдіқара ауданының тұрғыны Роза Сағындықызы өмірінің 30 жылын кітапхана саласына арнаған
Бұл мереке – қоғамның рухани байлығын арттырып, білім мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген кітапхана қызметкерлерінің еңбегін дәріптейтін ерекше күн.
Осындай өз ісіне адал, кітап пен оқырман арасындағы алтын көпір бола білген жандардың бірі – Роза Сағындыққызы.
Роза Ыбраева 1965 жылы Будённов ауылында дүниеге келген. Ауылдағы сегіз жылдық мектепті тәмамдаған соң, Қостанай ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсіп, 1983 жылы ауыл шаруашылығы өндірісінің есепшісі мамандығын игеріп шығады. Жастайынан ізденімпаз, ұқыпты, еңбекқор Роза Сағындыққызы кейін кітапқа, рухани әлемге деген сүйіспеншілігінің арқасында екінші мамандық ретінде кітапхана ісін оқып алады. Бұл таңдау оның өмір жолын түбегейлі айқындап, руханият саласындағы ұзақ әрі абыройлы қызметінің бастауы болды.
1995 жылы Роза Сағындыққызы аудан орталығында орналасқан Орталық балалар кітапханасына кітапханашы болып қабылданады. Содан бері отыз жыл бойы үздіксіз еңбек етіп, өзінің кәсібилігімен, іскерлігімен және адамгершілік қасиетімен бүгінгі күнге дейін әріптестерінің құрметіне бөленіп келеді.
- Кітапхана мен үшін жәй ғана жұмыс орны емес, өмірімнің мәні мен мақтанышы. Күні бүгінге дейін өз мамандығыммен мақтанамын. Алғаш рет балалар кітапханасына жұмысқа тұрған уақытта, оқырманмен тіл табысқан сәтте – бұл мамандықтың қаншалықты жауапты әрі қызықты екенін түсіндім. Кітап – адамның рухани азығы, жан серігі. Әрбір оқырман кітап арқылы өзін, өмірін, арманын табады. Ал менің міндетім – сол рухани әлемге жол ашу.
Осы жылдар ішінде талай бала мен жасөспірімнің, оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттыра алдым деп ойлаймын. Бұл менің үлкен жетістігім. Қазір зейнет жасына жақындасам да, кітап пен оқырман арасындағы байланыс мені әркез шабыттандырады, – дейді кейіпкеріміз Роза Сағындыққызы.
Бүгінде Роза Ыбраева аудандық орталық модельдік кітапхананың қызмет көрсету бөлімінің басшысы болып қызмет атқарады. 1985 жылы Берік ағамызбен шаңырақ көтеріп, бүгінде көптеген жас отбасыларға үлгі болып отырған бақытты жанұя. Берік ағамызбен 1 ұл, 2 қызды тәрбиелеп-өсіріп, бүгінде немерелерінің қызығын қызықтап отырған бақытты ата-әже.
Көпжылдық еңбегі еленіп, Роза Сағындыққызы бірнше мәрте аудандық және облыстық деңгейдегі көптеген алғыс хаттармен марапатталған. Биылғы жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үздік еңбек әулеттері мен өндіріс қызметкерлерін анықтауға бағытталған «Еңбек жолы» байқауында «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша дипломмен марапатталған болатын.
Отбасындағы жылулық пен еңбектегі адалдық – оның өмірінің басты ұстанымы. Роза Сағындыққызының өмір жолы – жас буынға үлгі, еңбекқорлық пен тұрақтылықтың көрінісі.
Кітапханашылар күні қарсаңында руханият саласының майталмандарына айналған кітапханашыларды төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, бастарыңызға амандық тілей отыра, еңбектеріңізге табыс тілейміз!
Ақжан Байтұрсынова
Сүретті түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31