Мейірім мен махаббаттан құрылған жанұя қашан да шаттыққа толы
Адам баласының өмірдегі ең басты қазынасы – отбасы. Отбасының татулығы берік болса, еліміздің керегесі кең болары сөзсіз
Бүгінгі мақалаға өнегелі жанұя атанып, өрелі ұрпақ тәрбиелеген Тұрағұловтар отбасы арқау болмақ.
Татулығы жарасқан бұл жанұяның отағасы Мұрат пен отанасы Гүлнұр ұстаздық жолды таңдаған жандар. Студенттік шақтың қызығын бірге қызықтап, бір оқу орнын аяқтаған жас мамандар алғаш еңбек жолдарын Қаражар негізгі мектебінде бастаған көрінеді. Еңбек жолының өсу баспалдағында абырой мен адалдықты қатар ұстаған қос ұстаз талай белестерді де бірге бағындыра білді. Бүгінде Мұрат ағайымыз Көктерек негізгі мектебінің директоры атанса, Гүлнұр апайымыз Ғаббас Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясында абыроймен еңбек етіп, үлкен еңбектің арқасында Қазақстан педагогтар қауымдастығының ұйымдастыруымен өткізілген байқауда «Үздік педагог» төсбелгісімен марапатталды.
Талай шәкіртке әріп танытып, білім нәрімен сусындатқан жандар өмірдің де, еңбектің де ащы-тұшысын қатар көріп, өмірдің қиындығына еш мойымай балаларын бар ықыластарымен тәрбиелеп өсірді. Балалары да асыл әкелерінің үйреткен парасаттылығын бойларына сіңіріп, аналарының үлгі-өнегесімен бой түзеді. Ата-анасының жолын қуған үлкен ұлдары Мейрамбек аудандық білім бөлімінде қызмет атқарса, келіндері Ұлбаланың мамандығы тәрбиеші. Жас отбасы Медина атты кішкентай балапандарын тәрбиелеп, ата-аналарының үкілеген үміттерін ақтауда. Мейрамбектің соңынан ерген қарындастары Мақпал мен Гүлсезімнің бойларынан нағыз қазақ қызына тән мінезді байқауға болады. Олар кішіпейілдіктерімен, ізеттіліктерімен ерекше. Мақпал бүгінде тұрмыс құрып, бір шаңырақтың берекесін келтіріп отырған ибалы келін, аяулы ана. Үйдің кенжесі Гүлсезім жан-жақты, өнерге жақын бала. Талай байқауларда бағын сынап, жеңімпаз атанып жақындарын жетістіктерімен қуантуда. Бұл ата-анасынан дарыған қасиет болуы керек. Өйткені Мұрат ағайымыз түрлі музыкалық аспаптың тілін түсініп, Гүлнұр апайымыз екеуі өнерлерімен де ел алдына шығып жүрген жандар. Олардың әуелетіп салған әндерін тамсанып тыңдап, өнерлеріне қызығатындар жетерлік.
Бұл отбасында әдет-ғұрып, адамгершілік, мейірімділік пен махаббат басты орында. Олар айналасындағыларға үлгі болып, қазақи қылықты дәріптеп, ел құрметтейтін шаңыраққа айналды. Ендеше кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай отбасыларымыз көбейе берсін демекпіз…
Тұрсынай Мұхтарқызы
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31