Қош бол, мектебім менің!
Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты оқу жылының соңғы тоқсанын қашықтықтан аяқтаған 2020 жылдың түлектері үшін қуанышты сәт.
3-ші маусым 11 сынып түлектеріне дәстүрлі түрде соңғы қоңырау соғылып, жалпы орта білім туралы аттестат табысталды.
Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Қалыбек Жүгінісовтің мәліметінше биыл ауданымыз бойынша 116 түлек мектеп бітіргелі отыр. Оның ішінде 4-і «Алтын белгі» иегерлері. Алдағы ҰБТ-ге 62 оқушы қатысуды көздеп отыр. ҰБТ мерзімі жоспар бойынша 20-шы маусым мен 5-ші шілде аралығында Қостанай қаласында өтеді. ҰБТ-дің биылғы ерекшеліктері тест тапсырушыларға өздерімен бірге аудиторияға калькулятор есептегіш құралын алып кіруге рұқсат беріледі және тестілеу уақыты жалпы 4 сағат деп белгіленіп отыр. ҰБТ-ге қатысуға талап білдірген түлектер жылдағыдай 3 негізгі және 2 таңдаулы пән бойынша тест тапсыратын болады. Жалпы қатысушылардың 120 сұрақтан 140 балл алу мүмкіндіктері бар. Карантиндік санитарлық нормаларды сақтау барысымен ҰБТ уақытында оқушылар 5 режим бойынша қорғалатын болады.
Ерекше сәт, жалпы орта білім туралы аттестат табыстау рәсімін Ғ.Жұмабаев атындағы Боровской мектеп гимназиясының түлектері де карантиндік санитарлық нормаларды сақтау арқылы өткізді. Мектеп бітіруші түлектерді, ұстаздар мен ата-аналарды мектеп директоры Нұргүл Утеулина құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді. Ерекше үлгідегі аттестатпен өз білімін дәлелдей білген түлек Гүлдана Қадырбаеваға «Алтын белгі» төсбелгісі табыс етілді. Ал, жеке пәнді оқып-үйренудегі ерекше жетістігі үшін Сағдат Жадра, Ажар Алтай, Дарханқызы Алмагүл, Дильназ Жылқайдарова, Анара Исмагулова, Амина Какимжанова, Линара Халикова мақтау қағазымен марапатталды. Салтанатты сәт барысында Амина Какимжановаға Қостанай облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Марат Жұрқабаевтың Алғыс хаты табыс етілді.
Балаларға ақ жол тілеп, алдағы сынақтардан сүрінбей өтулеріне тілек білдірген ұстаздары мен ата аналарының ақ батасын алған оқушылар да өз кезектерінде алғыс сөздерін арнады.
Алғашқы ұстаздарымен, алтын ұя мектептерімен қимастықпен қоштасқан түлектер үшін соңғы қоңыраудың қоңыр үні де естілді. Осылайша түлектер үшін балалық пен бақытқа толы кезең де бір сәтте өте шыққандай болды. Алда мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан әрбір жасты өмір белестері күтуде. Соның бірі армандар мен мақсатқа бастау болатын сынақтар мен сабақтар.
Қымбат НАҒАШЫБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31