Әр балаға ерекше махаббатпен
Медицина қызметкерлерінің күні – бұл мереке барлық ғұмырын алғысқа лайықты істерге – өзге адамдардың денсаулығы мен өміріне қамқор болуға арнаған жандардың еңбектері еленетін күн.
Жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісі медицина қызметкерлерінің күні аталып өтіледі.
Қиналғанда көмек сұрап, ауырғанда шипа іздеп алдына барған кез келген науқасқа қолдау көрсететін, өмірлеріне қауіп төнген сәтте араша түсіп, тіпті кейде екінші рет өмір сыйлап жататын да осы мамандық иелері. Осынау атаулы мереке қарсаңында аудандық аурухананың балалар бөлімінің дәрігерлері мен медбикелерінің ерекше еңбегі мен қажырлы қызметтері жайында айтуды жөн көрдік.
Аудандық балалар бөлімінде білікті балалар дәрігері Марина Шмидт, Кристина Койбичук талай жылдардан бері денсаулық саласына қызмет етіп келеді. Бір қызығы, баламен жұмыс істейтін мамандардың бойынан балаға тән қасиеттерді аңғаруға болады. Бала дәрігері де солай. Алдына ауырып келген баланы құшақтап, еркелетіп, аялап отырып қарайтын ақ халатты абзал жан Марина Анатольевна мен Кристина Петровнаның жүзінен де әрдайым жылылық есіп тұрады.
Осы бөлімнің балалар дәрігерлегімен бірлесе қызмет етіп, өздеріне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарып келе жатқан медбикелер Любовь Пышкина, Гүлнар Қабдрахметова, Ұлбосын Сералина, Эльвира Бойко және кіші медицина қызметкерлері Эльмира Какимжанова, Алена Нартова.
– Мен 25 жыл бойы осы бөлімде Марина Анатольевна, Кристина Петровнамен бірге бір кабинетте жұмыс істеп келемін, – дейді медбике Ұлбосын Сералина. Осындай жайлы, жүрегі жылы адаммен қызметтес екенімді мақтанышпен айтып жүремін. Нағыз бала дәрігері осындай болуы керек шығар, баланы еркелетіп, көңілін аулап отырып денсаулығын тексереді. Әр балаға ерекше махаббатпен, мейіріммен қарайды,- деді.
Жалпы, медицина – жауапкершілігі мол, жүгі ауыр салалардың бірі. Сондықтан кез келген адам біліктілік пен аса шыдамдылықты талап ететін жауапты мамандықты жоғары деңгейде меңгеру оңай емес екендігін мойындайды. Бұл саланың маңыздылығы сол, дәрігердің жұмыс барысында ешқашан қателесуіне болмайды. Сол себепті дәрігерлер үнемі тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруді қашан да алға қояды. Адал еңбегінің арқасында елдің алғысына бөленіп жүрген барша медицина саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ел игілігі саласында жасап жатқан еңбектері жемісті болғай дейміз.
Қымбат НАҒАШЫБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31