Такси – тиімді бизнес
Тамыз айының алғашқы жексенбісінде аталып өтетін көлік саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі.
Аталмыш мереке қарсаңында біздер аудан орталығында халыққа қызмет көрсетіп отырған «Дильназ» таксопаркінің иесі Бейбіт Жолмурзинге жолығып, елімізде орын алған карантин уақытындағы жұмыстарымен таныс болдық.
Бейбіт Әзірханұлы ауданымызға қарасты Көктерек ауылының тумасы, өзінің айтуы бойынша жастайынан еңбекке араласып 17 жасында К-700 тракторын басқарған екен. Міне, содан бері әрдайым көлік рөлінен табылған жан. Техникаға деген ерекше ықыласының арқасында осыдан үш жыл бұрын жеке кәсіпкер ретінде тұрғындарға такси қызметін ұсынып, ісі өрге басты.
Алғашқы күннен 4 адамды жұмыспен қамтыса, қазіргі уақытта 7 машина тапсырыс қабылдай алады.
«Дильназ» такси орталығы бірнеше айдан бері карантин талаптарына сай қызмет көрсетуде. Аптаның дүйсенбі және жұма күндері аралығында таңғы жеті мен түңгі он екіге дейін жұмыс істейміз.Сондай-ақ, карантин талаптарының күшейтілуіне байланысты сенбі, жексенбі күндері жұмысымызды тоқтатып отырмыз. Такси жүргізушілері санитарлық нормаға сай бетперде, антисептик қолдануда. Күнделікті таңетеңгілік жұмысымызға кіріспес бұрын әр машина дезинфекциядан өткізіледі, іші-сыртын арнайы құрылғылармен залалсыздандырамыз. Өйткені бүгінгі күні тапсырыс берушілердің ішінде сырқаттанып не болмаса ауыру белгілерімен ауруханаға баратын кісілер де кездесіп жатады. Сондықтан ең алдымен тазалықты өз қадағалауымда ұстап, жүргізіушілердің әрдайым қауіпсіздік шараларын сақтауларын айтып, ескертіп отырамын. Елімізде орын алып отырған мұндай қиын жағдайда біз де жеке кәсіпкер ретінде қолдау білдіру мақсатында алдағы күндері халыққа әсіресе зейнеткерлерге жеңілдік ұсынуды жоспарлап отырмыз. Әрине, бұған дейін де біздің такси орталығымызда 5-ші, 6-шы шақырту тегін деген акциялар болған. Жүру құнын өсірген жоқпыз, бұрынғыдай 350 теңгеге тұрақтап отырмыз. Еліміздегі індеттің жойылып кетуіне біз де өз тарапымыздан қолдау көрсетіп, өзіміз бен өзгенін өмірін сақтауға ат салысудамыз – дейді, Бейбіт Жолмурзин бізбен әңгімесінде.
– Өз кәсібімнің арқасында бірнеше адамға тұрақты жұмыс беріп отырғаныма ризамын. Осы істі қолға алған күннен отбасым қолдап келеді. Такси орталығын немеремнің құрметіне «Дильназ» деп атадым. Осы жылдар аралығында күйеу балам Дәуіт Ерғалиев те такси қызметінде, бірлесе еңбек етудеміз.
Жолдасым Гүлсім Құрманғалиқызы Первомай орта мектебінің ұстазы, қызым Гүлдана өз алдына жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Сондықтан еңбек қана бәрін жеңбек деген қағиданы ұстанамын. Осы уақытқа дейін бірлесе еңбек етіп келе жатқан «Дильназ» такси орталығының барша қызметкерлерін, жүргізушілерін осы сәтті пайдалана отыра алдағы көлік саласы қызметкерлері күні мерекесімен құттықтаймын! Денсаулық, жол амандығын тілеймін деген ізгі ниетін де білдірді – Бейбіт Әзірханұлы, бізбен тілдесу барысында.
Күнделікті жолда жүрген жүйрік көлік иелерін біз де мерекемен құттықтап, тек ақ жол тілейміз!
Қымбат НАҒАШЫБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31