Учаскелік инспектор Марат Сапарбаев алғысқа бөленді
Елордада Мемлекет басшысы өткізген ҚР Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Қазақстанның 17 өңірінен үздік учаскелік инспектор марапатталды.
Елдің тыныштығын қамтамасыз етіп, тәртіпті қадағалайтын учаскелік инспекторларға артылар міндет көп, жүктемесі мол. Қоғамның береке-бірлігін және тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау учаскелік инспектордың күнделікті атқарар жұмысы.
Меңдіқара аудандық полиция бөлімінде ел үшін ауыр еңбектің жүгін арқалаған мамандар жетерлік. Соның бірі – аға учаскелік инспектор Марат Сапарбаев. Кедергісі мен қиындығы мол салада, ол еңбектің жалауын жықпай он жеті жыл еңбек атқарып келеді. Еңбек жолында сан қилы оқиғаларды, сан қилы қиындықтарды басынан өткерген. Соған қарамастан ол өзінің жұмысын ерекше бағалап, әрқашан өз жұмысын адал атқаруға тырысады. Бүгінде толассыз еңбегінің арқасында үлкен марапатқа ие болды.
– Бұл мен үшін үлкен абырой. Елордамызда өткен алқа отырысына облысымыздан үш азамат қатыстық. Соның бірі мен болдым. Қызметтік міндетті адал атқарып, бекітілген әкімшілік учаскеде қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмысқа қарсы күрес бойынша жұмыстағы жоғары жетістіктеріміз, сондай-ақ, халықтан келіп түскен оң пікірлер үшін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенантының Алғыс хатымен марапатталдым. Бұл маған артылған үлкен сенім, еңбегімнің жемісі,- дейді Марат Маратұлы.
Күнделікті қауырт жұмыс атқарып, майданның алғы шебінде жүрген учаскелік инспектордың қолдаушысы – отбасы. Аяулы жары Бахытгүл екеуі үш баланы тәрбиелеп отыр. «Әке көрген оқ жонар» демекші, әкелерінің келелі ісін үлгі тұтып, қос бірдей ат ұстарлары мен бұрымдылары өсіп келеді. Жан-жары ерінің түздегі ауыр еңбегін түсініп, қамын ойлап, әр кез демеу болуда.
– Жұмысымыз шыдамдылық пен табандылықты талап етеді. Халықтың көңілін тауып, мұң-мұқтажын түсіне алсаң ғана жұмысыңның оң нәтижесін көресің. Менің мақсатым – елімнің қауіпсіздігін сақтап, жақсы қызмет атқару. Бүгінгі таңда қауіпсіздік үшін аянбай тер төгудеміз. Жерлестерім мен аудан тұрғындарын карантин уақытындағы сақтық шараларын сақтауға шақырамын, – деді учаскелік аға инспектор.
Әңгіме барысында аға учаскелік инспектордың жұмысына адал екенін түсіндік. Ол мойнына жүктелген міндетіне берік, адамгершілігі жоғары, кең пейіл жан. Осындай сақшылардың еңбегінің арқасында халқымыздың қауіпсіздігі үшін алаңдамауға болады деп анық айталамыз. Үлкен алғысымызды білдіріп, марапатыңыз құтты болсын дейміз.
Тұрсынай Мұхтарқызы
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31