Қызметіне адал жан
Жүрегі мейірімге толы жан – ол әлеуметтік қызметкер
Соңғы кезде бұл мамандық иелері туралы жиі естіп те көріп те жүрміз. Атауының өзінде әлеумет деген сөзі бар, демек көпшілікке қызмет көрсетіп, қол шын беретін көмек қолы. Аталмыш қызметке көбіне-көп егде жасқа келгенде тағдыр тауқыметімен жалғыз қалған егде жастағы кісілер мен денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз жандар жүгінеді.
1991 жылдың сәуір айынан бастап Қазақстанда жаңа мамандық – әлеуметтік қызметкер мамандығы ашылды, оның қызметі қиын өмірлік жағдайлардағы қамқоршылық, мейірімділік және қайғысына ортақтасу қасиеттері негізінде ғана емес, сонымен қатар адамның өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандырудың біртұтас жүйесіне, адамдардың өмірлік жағдайдарына, оның біртұтастылығына бағытталған.
Бүгінде біздің аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы аудан орталығымен қоса әрбір ауылдық округте әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді. Олардың атқарып отырған жұмысын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Меңдіқара ауданының Іскер әйелдер» қоғамдық бірлестігі бақылап отырады.
Осындай жауапкершілігі зор әлеуметтік қызметкердің жұмысын Теңіз ауылдық округінде Балқия Тұрсынбаева 2014 жылдан бастап атқарап келеді. Оның қарамағында егде жастағы алты кісі бекітілген.
Балқия апай аптасына үш рет, қажет болған жағдайда күнделікті қариялардың қал-жағдайын біліп, керекті азық-түлік, дәрі-дәрмектерін жеткізіп, үй шаруасына да көмегін береді екен.
– Қартайған шақта жалғыз қалған кісілер үшін ең бастысы рухани жан дүние, олармен әңгіме-дүкен құрып, жаныңның жылулығын сыйлай білу. Олар жас балаша жәутеңдеп, күнделікті көңіл бөлгенді күтіп отырады. Әрине, жастары келіп қалған шақта жалғыз тұру олар үшін өте қиын. Сондықтан біздің міндет ол кісілермен тікелей жұмыс жасау болып табылады. Әрқайсының мінезі әр түрлі болғандықтан, бұл жұмыс күнделікті сабырлық пен төзімділікті де талап етеді – дейді, Балқия апай.
Әлеуметтік қызметкерлердің осы салада тұрақтап қалуы да осы қасиеттерінде.
Жалақысы мардымсыз бола тұра, қызмет алушының бабын табу мақсатында қалтқысыз қызмет ету денсаулық пен бойдағы күш-жігерді, психологиялық табандылықты да қажет етеді. Бұл жұмыс тек қана кең жүректі, адами бейнесі айқын, өзінен гөрі өзгелерге болсын дейтін адамның ғана қолынан келері анық.
Айналамызда осындай мейірімді адамдардың көп болғаны қандай ғанибет!
Қымбат НАҒАШЫБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31