Жас кәсіпкер
Жаңа бизнестің көзін ашқан Назкен Оразбаеваның қызметі сұранысқа ие
Нақты мәліметтер бойынша клинингтік қызмет Еуропада 17 ғасырдың соңында-ақ, нағыз еңбек көзі болып табылса, 19 ғасырда Англияда бұл қызмет бизнес көзіне айналған. Ал, Ресейде клинингтік компаниялар 1990 жылдардан бастап халыққа қызмет етіп келеді екен.
Бүгінде заман талабына сай клинингтік қызмет түрін аудан орталығынан алғаш болып ашып отырған Назкеннің бизнесі алға басып келеді. 2018 жылы аудандық Кәсіпкерлер палатасы филиалында «Бастау бизнес» курсынан өтіп, қолына сертификат алып, бизнестің қыр-сырын меңгерген ол өз алдына кәсіп ашуды ойға алады. Әрине, аудан халқына тиімді, күнделікті сұранысқа ие бизнес-жоспар құру да зор еңбекті талап етті, – дейді кейіпкеріміз. Өз бизнес жоспарын егжей-тегжейлі ойластыра келе, нақты шешім қабылдайды. Нәтижесінде Назкеннің бизнес-жоспары мемлекеттік грантты жеңіп алып, көп күттірмей өз жұмысын бастап кетті. Жолдасы Ниязбек те отбасылық кәсіптің алға басуына қолдау білдіріп, Назкенге демеушілік танытып келеді.
«Cleanplus_boro»-ның бүгінде әр маусым сайын тұрақты тапсырыс жасайтын тұтынушылары да бар. Назкеннің клинингтік қызметінде кілем, төсеніштермен, жұмсақ жиһаз, автосалонды да кәсіби құрылғымен тазарту қарастырылған. Тапсырыс берушілердің айтуынша сапалы тазарту тиімді баға.
– Біздің ауданымызда алғаш рет ашылып отырған клинингтік қызмет. Бастысы сапалы қызмет, бұрындары еден төсеніштерін өзіміз жуып әуреге түсетінбіз. Үйдегі жұмсақ жиһаздардың кірі мен дақтарын кетіру дегеніміз тіпті қиын еді. Қазір «Cleanplus_boro»-ның қызметіне жүгінеміз. Тапсырысты уақытында орындайды, сапасы да жақсы. Осындай қызмет түрінің аудан орталығынан бой көтеріп жатқанына өте қуаныштымыз, – дейді тұрақты тапсырыс берушілер.
Ауылдық жерде де халықтың сұранысына ие жеке кәсіппен айналысуға болатындығын дәлелдей білген еңбекқор келініне енесі Алмагүл апай да риза. Баласы мен келініне әрдайым ақ батасын беріп, немерелеріне шуағын шашып, тәлім-тәрбие беріп отырады.
Адал еңбектің наны қашанда тәтті, екі қолға бір күрек тауып отбасының несібесін еселеп отырған Ниязбек пен Назкеннің жаңа бастамаларына сәттілік тілей отырып, еңбектерінің жемісін татып, өзгелерге үлгі болсын деген ниеттеміз!
Қымбат НАҒАШЫБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31