«Жасыл ел» – ел игілігі
Әр жас өз елінің патриоты. Осы орайда аянбай еңбек етіп, туған жерін көркейтіп, оның мәртебесін көтеру әр қазақстандықтың борышы
Қазіргі танда, елімізде жастар саясаты қолға алынып, көптеген игі бастамалар өз жемісін беруде. Солардың бірі «Жасыл ел» бағдарламасы.
«Жасыл ел» бағдарламасының негiзi Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында» Жолдауы бойынша қаланған болатын. Бүгінгі күні бағдарлама аясында «Меңдіқара жастары» қоғамдық бірлестігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Жасыл ел» жастар жасағы жұмысын бастап кетті.
– Шілде айының 1-нен бастап бір ай көлемінде жұмыс істейтін жасаққа 16-29 жас аралығындағы жұмыссыз жастар алынып отыр. Бүгінде штабта 12 адам аудан орталығын көгалдандыру, көріктендіру жұмыстарына белсенді кірісіп кетті. Жалпы, бағдарламаның негiзгi мақсаты – жастардың күшiмен елiмiздi көгалдандыру, елді-мекен айналасын жасыл ағаштармен көмкеру, көркейту, сонымен қатар жастардың Отанға, жерге, табиғатқа деген махаббатын, патриоттық сезiмiн ояту. Ең бастысы –осы істерге тарта отырып, жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендету – дейді, қоғамдық бірлестіктің төрайымы Тұрсынай Дүйсембаева.
«Жасыл ел» бағдарламасы бойынша алғаш рет еңбекке қадам басқан студент, Жастар ресурстық орталығының еріктісі Аружан Аманжолова.
– «Жасыл ел» жастар жасағына алынған студенттер бос уақытын тиiмдi өткiзе отырып еліне қызмет жасауда. Мен де солардың бірімін. Биыл К.Дөненбаева атындағы кәсіптік-техникалық колледждің 1 курсын аяқтап, алғаш рет ата-анама көмек ретінде жұмыс істеп, алғашқы еңбек ақымды алмақшымын. Бiр жағынан елiмiздi гүлдендiруге, көгалдандыруға ат салыссақ, екiншiден, әрбiр жас өзiнiң бос уақытын игі іске жаратып жатқаны қуантарлық жайт болып отыр. Сондықтан мынадай игі iс-шараға қатысуға барлық жастарды шақырамын – дейді, Аружан.
Қазір «Жасыл ел» – жастарды жарқын істерге жұмылдыру мектебіне айналып отырғанын да байқауға болады. Жастар күшімен еліміздегі экологиялық мәселелерді шешу, елді көгалдандыру игілікті іс. Сондықтан да болашағы бар «Жасыл елдіктердің» мерейі жасай берсiн, еліміздің көркеюі мен гүлденуіне үлестерін қосып жүрген жігерлі де ынталы жастарымыздың еңбектері жемісті боларына сенеміз.
Қымбат НАҒАШЫБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31