Өмір жолында талай белесті бағындырып, кейінгі буынға ақыл-кеңесін айтып, өнегелі ғұмыр кешіп келе жатқан ардагерлер – елдің алтын қазынасы.
Қарияға құрмет көрсету – халқымыздың ежелден келе жатқан ізгі дәстүрі. Осы дәстүр Меңдіқара ауданында да жалғасын тапты. Аудандық «Юбилейный» мәдениет үйінде Халықаралық қарттар күніне орай «Мерейлі қариялар» атты мерекелік кеш ұйымдастырылып, оған ауданның ардагерлері, ақ жаулықты әжелер мен еңбек ардагерлері қатысты.
Кештің шымылдығы «Домбыра сазы» қазақ халық аспаптар ансамблінің орындауындағы «Дара тұлға» шығармасымен ашылды. Мерекелік шарада Меңдіқара ауданы әкімінің орынбасары Әлғиса Сарбасов ардагерлерді мерекемен құттықтап, аға буынның ел дамуына қосқан үлесін атап өтті. Қарияларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасылық амандық пен ұрпақтарының қызығын көруді тіледі.
Іс-шара барысында көп жылғы еңбегімен және қоғамдық жұмыстарға белсене араласуымен ерекшеленген азаматтарға Меңдіқара ауданы әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Марапат иелерінің қатарында ауданның мәдени-өнер саласына елеулі үлес қосып жүрген «Әжелер» ансамблінің жетекшісі Бақытжан Сәуекенов те бар. Ол талай жылдан бері ұлттық өнерді насихаттап, ауданның мәдени өміріне белсене атсалысып келеді.
«Бұл марапатты тек өзіме емес, ұзақ жылдар бойы бірге еңбек етіп келе жатқан «Әжелер» ансамблінің барлық мүшесіне берілген баға деп қабылдаймын. Өнер – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын үлкен аманат. Ұлттық өнерімізді, салт-дәстүрімізді кейінгі буынға жеткізу – біздің басты міндетіміз. Барша ардагерлерді мерекемен құттықтап, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін», – деді Бақытжан Сәуекенов.
Аудандық Ардагерлер кеңесінің төрайымы Рысқаным Ізімова да құттықтау сөз сөйлеп, қариялардың қоғамдағы орнына тоқталды.
«Қариясы бар елдің – қазынасы бар» дейді дана халқымыз. Аға буынның ақыл-кеңесі мен өмірлік тәжірибесі – кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес мұра. Сіздер талай жыл ел игілігі үшін еңбек етіп, ауданымыздың дамуына өз үлестеріңізді қостыңыздар. Сондықтан сіздерге деген құрмет – барша ұрпақтың парызы», – деді ол.
Мерекелік кештің концерттік бағдарламасы да мазмұнды өтті. «Әжелер» вокалдық ансамблі «Керім-ау, айдай» әнін орындаса, «Бадрисафа» хореографиялық ұжымы «Көктем» биін ұсынды. Өзге де өнерпаздар ән мен биден шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. «Мерейлі қариялар» кеші – аға буынға деген құрмет пен шынайы алғыстың, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі болды.
Айтолқын ӘБДІЛДА
Суреттерді түсірген Наталья Сейдалина
Чествование состоялось во Дворце молодежи «Жастар». На него пригласили более 300 человек со всей области.…
Сегодня Дмитрий Анатольевич преподаёт физическую культуру в Первомайской общеобразовательной школе, а Ольга Александровна - учитель…
Два года назад ушел из жизни Анатолий Иванович Баганов, но дело всей его жизни не…
О том, как проходит подготовка к предстоящим холодам, рассказал руководитель отдела ЖКХ, пассажирского транспорта и…
Отныне каждый собственник - будь то владелец частного дома, магазина или квартиры в многоэтажки -…
В рамках общенациональной инициативы «Таза Қазақстан» и в преддверии World Cleanup Day - жители района…
This website uses cookies.