Меңдіқарада жазғы аудандық спартакиада алауын жақты

 Меңдіқара ауданында дәстүрге айналған жазғы спартакиада биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, бұқаралық спорттың мерекесіне айналды.

Боровской ауылындағы «Достық» стадионында өткен XXXIX жазғы аудандық спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі спортшыларды, ардагерлерді, жанкүйерлер мен аудан тұрғындарын бір алаңға тоғыстырды.

Таңертеңнен-ақ мерекелік көңіл күйге бөленген «Достық» стадионында әуезді әуендер шырқалып, түрлі-түсті безендірілген алаң спорт мерекесінің сәнін келтірді. Спортшылардың салтанатты шеруі, спартакиада алауының жағылуы, мемлекеттік Тудың астында Әнұранның орындалуы барлығы да жарыстың маңызын айқындай түскендей.

Мерекенің сәні – спортшылар шеруі

Салтанатты рәсім аудан спортшыларының шеруімен басталды. Ауданның барлық ауылдық округтері мен спорт ұйымдарының командалары жарыс алаңына көтеріңкі көңіл күймен сап түзеп шықты. Олардың қатарында аудандық, облыстық және республикалық жарыстарда топ жарып жүрген тәжірибелі спортшылармен қатар, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас өрендер де болды. Жиналған жұртшылық әр команданы зор қошеметпен қарсы алып, алдағы сайыстарда сәттілік тіледі.

Спартакиаданың ең әсерлі сәттерінің бірі – дәстүрлі алауды алып шығу рәсімі болды. Биыл XXXIX аудандық жазғы спартакиаданың алауын алып шығу құрметі үш спортшыға берілді. Оның бірі – Әмина Сапарбаева. Ол Талдықорғанда өткен Қазақстан Республикасының бокс чемпионатының финалисі, Қостанайдағы 2026 жылғы Гимназиаданың чемпионы, Алматы қаласында өткен кикбоксингтен Қазақстан Республикасының чемпионы, Көкшетауда ұйымдастырылған республикалық турнирдің жүлдегері әрі Қазақстан Республикасының бокс бойынша ұлттық құрамасының мүшесі.

Спартакиада алауын жағу құрметіне тағы бір дарынды жерлесіміз Дамир Қозыбай ие болды. Жас спортшы Ақтау қаласында өткен жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионы атанып, Астанада ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы Кубогының қола жүлдесін жеңіп алған. Сонымен қатар Шымкенттегі жасөспірімдер чемпионатының жүлдегері және Ақтөбеде өткен Бауыржан Момышұлы атындағы республикалық турнирдің жеңімпазы. Алауды жаққан үшінші спортшы дзюдодан спорт шеберлігіне кандидат, Қостанай облысының чемпионы, республикалық және республикалық деңгейдегі халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, Қазақстан Республикасы чемпионатының жүлдегері, грэпплингтен республикалық турнирдің чемпионы Юлия Медведева. Алау лаулап жанған сәтте стадионды ерекше рух кернеп, көрермендер ұзақ қол соғып, спортшыларға қолдау білдірді.

Еңбегі еленген спортшылар

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалғаннан кейін XXXIX жазғы аудандық спартакиада ресми түрде ашық деп жарияланды.Салтанатты рәсімде қатысушыларды аудан әкімі Ғабит Бекбаев құттықтап, спорттың қоғам өміріндегі маңыздылығына тоқталды.

–Спорт – денсаулықтың кепілі ғана емес, ел бірлігін нығайтатын, жас ұрпақты табандылыққа, тәртіпке және жеңіске ұмтылуға тәрбиелейтін үлкен мектеп. Меңдіқара ауданында бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бүгінгі спартакиада соның айқын дәлелі. Барлық қатысушыларға әділ дода, жарқын жеңістер мен жоғары нәтижелер тілеймін, – деді аудан басшысы.

Спорт мерекесі аясында ауданның дене шынықтыру және спорт саласының дамуына ұзақ жылдар бойы еңбек сіңірген азаматтар марапатталды. Көпжылдық еңбегі мен аудан спортының дамуына қосқан зор үлесі үшін аудан әкімінің Алғыс хаты ардагер спортшы, еркін күрес жаттықтырушысы Евгений Кравчукке табыс етілді. Сонымен қатар Қазақстандағы баскетболдың 100 жылдығына орай аудан әкімі Грамотасымен Меңдіқара аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Татьяна Скрадаль марапатталды. Марапаттау рәсімі көрермендердің зор қошеметіне бөленді.

Ардагердің ақ батасы

Спорт ардагері Оралқан Түлкібаев жастарға ақжарма тілегін арнап, спорттың адам өміріндегі орны ерекше екенін айтты.

– Жеңіс – үздіксіз еңбектің жемісі. Бүгінгі жас спортшылардың арасынан ел намысын халықаралық ареналарда қорғайтын чемпиондар шығатынына сенемін, – деді ардагер.

Салтанатты іс-шара мерекелік концертпен жалғасты. Көрермендер назарына Ғалымжан Маутановтың орындауындағы «Спортшылар әні» ұсынылды. Ал «Жұлдыз» және «Бәдрисафа» би ұжымдарының орындауындағы әсерлі спорттық композиция мерекенің көркін қыздыра түсті. Ұлттық дәстүр бойынша жиналған қауымға шашу шашылып, ақ жаулықты әжелер ақ тілектерін арнады.

Жеңіске бастар дода

Биылғы XXXIX жазғы аудандық спартакиада аясында спорттың бірнеше түрінен жарыстар ұйымдастырылып, ауылдық округтер мен мекемелердің командалары өзара бақ сынады. Бас төреші жарыс бағдарламасымен таныстырып, барлық қатысушыларға әділ төрелік пен сәтті ойын тіледі. Спартакиада – тек мықтыларды анықтайтын дода ғана емес, аудан тұрғындарының басын қосатын үлкен мереке. Мұнда достық нығайып, жастар тәжірибе алмасып, салауатты өмір салты кеңінен насихатталады.

Меңдіқара ауданында жыл сайын өткізілетін жазғы спартакиада бүгінде жақсы дәстүрге айналып, бұқаралық спортты дамытуға тың серпін беріп келеді. Бұл жарысқа қатысатын әрбір спортшы үшін жеңіске жету ғана емес, туған ауылдың намысын қорғау – үлкен мәртебе. Спорт – табандылықтың, ерік-жігердің, тәртіптің мектебі. Осындай ауқымды шаралар жас ұрпақты салауатты өмір салтына баулып, аудан спортының жаңа белестерді бағындыруына жол ашады.

XXXIX жазғы аудандық спартакиада жаңа чемпиондардың есімін анықтап қана қоймай, Меңдіқара өңіріндегі спорттың дамуына тағы бір жарқын бет болып жазылары сөзсіз.

Суреттерді түсірген Наталья Сейдалина

Редактор

Recent Posts

Меңдіқарада «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары анықталды

Меңдіқара ауданында ұлттық құндылықтарды ұлықтап, отбасы институтын нығайтуға бағытталған дәстүрлі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық…

3 часа ago

Туған жерге тамырын терең жайған еңбек адамы

    Кей адамдар үшін туған жер – балалық шақтың естелігі ғана. (далее…)

7 часов ago

Накануне уборки: О чем говорят фермеры Мендыкаринского района?

О насущных вопросах перед уборочной кампанией шла речь на полях крестьянского хозяйства «SDS». (далее…)

3 дня ago

Меңдіқарада жол инфрақұрылымы жаңаруда

Меңдіқара ауданында биыл жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. (далее…)

3 дня ago

This website uses cookies.