Қостанай облысы тұрғындары сапалы байланыс пен интернетке қашан қол жеткізеді?

Цифрлық технологиялар қарқынды дамып жатқанына қарамастан, Қостанай облысында мыңдаған тұрғын әлі күнге дейін тұрақты байланыс сигналынан тыс қалып отыр.

Шалғайдағы және халқы аз ауылдарда ұялы байланыс пен интернетке қол жеткізу қиын болып тұр. Ал бүгінде бұл қызметтерсіз сапалы білім беруді де, жалпы дамуды да елестету мүмкін емес.

БАЙЛАНЫСТЫҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ

Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Қазақстандағы азаматтық қоғам субъектілері іске асыратын даму мемлекеттік бағдарламаларын мониторингтеу – саяси диалогтың негізгі құрамдас бөлігі» жобасы аясында Қостанай облысы журналистер одағы және «Ақпараттық-ресурстық орталық» қоғамдық қорының белсенділері мен журналистері халықты толғандыратын өзекті мәселелерге жауап іздеу жұмысын жалғастырып келеді.

Қостанай облысы әкімдігінің цифрландыру басқармасының мәліметінше, өңірдегі 492 ауылдық елді мекеннің 372-сінде 4G желісі жұмыс істейді. Ал қалған 120 ауылда байланыс деңгейі әлі де төмен – тек 2G және 3G желілері бар. Бұдан бөлек, 20 шалғай ауылда мүлде байланыс жоқ.

Бұл мәселе бұрыннан белгілі, дегенмен оны шешу бағытында соңғы жылдары нақты қадамдар жасала бастады. 2023 жылы облыс әкімдігі ең ірі байланыс операторларымен – «Қазақтелеком» АҚ (Kcell) және Beeline Қазақстан («КаР-Тел» ЖШС) компанияларымен меморандумдарға қол қойды. Келісім-шарт аясында өңірде базалық станцияларды орнатуға арналған антенна-мачталық құрылыстар салу басталды. 2024 жылы осындай 44 нысанның құрылысы аяқталып, олардың 42-сі пайдалануға берілді.

Басқарма мамандарының айтуынша, 2025-2026 жылдары да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Жаңа станциялар облыстың барлық аудандарындағы ондаған ауылда орнатылады. Атап айтқанда: Алтынсарин ауданында – Жанасу, Темірқазық, Басбек; Амангелді ауданында – Ағаштыкөл; Әулиекөл ауданында – Федосеевка, Қарақалпақ, Калинин, Өзерное, Аққұдық; Бейімбет Майлин ауданында – Мақсұт, Оренбургское; Денисов ауданында – Георгиевка, Алчановка, Досовка; Жангелдин ауданында – Сарысу; Жітіқара ауданында – Шевченковка, Хозрет, Құсақан; Қарабалық ауданында – Веренка, Котлованное, Ельшанское, Рыбкино; Қарасу ауданында – Маршановка, Герцено, Корниловка, Симферополь, Прогресс; Қостанай ауданында – Рязановка, Самир, Бегежан, Светлый, Жаркөл, Шоққарағай; Меңдіқара ауданында – Долбушка, Ивановка, Чернышевка, Сосна; Сарыкөл ауданында – Островное, Соналы, Ананьевка, Новое; Ұзынкөл ауданында – Павловка, Отынағаш; Федоров ауданында – Александрополь, Алабутала, Волковка, Березовка, Кравцово, Курское, Малороссийка, Калиновка; Арқалық қаласында – Матросово ауылында

Жоба толық аяқталғаннан кейін аталған елді мекендер 4G стандартына сай мобильді интернетпен қамтылатын болады.

КЕДЕРГІЛЕР

Цифрлық өңір қалыптастыру жолындағы негізгі қиындықтардың бірі – халқы аз ауылдарда инфрақұрылымды салу мен оны күтіп ұстаудың экономикалық тұрғыдан тиімсіздігі. Сондай-ақ, кейбір байланыс мұнараларында қосалқы электр қуатының көздері жоқ, ал қолданыстағы құрал-жабдықтардың көбі ескірген. Бұған қоса, кейбір тұрғындардың өз бетімен репитерлер орнатуы базалық станциялардың жұмысына кедергі келтіріп, сигнал сапасын нашарлатады.

Мысалы, Қостанай ауданына қарасты Молокановка ауылында ұзақ уақыт бойы байланыс тұрақсыз болды – 3G сигналы абоненттің тұрған жеріне қатты тәуелді еді. Басқарма өкілдерінің айтуынша, тек биыл ғана Tele2/Altel операторы ауылдағы жабдықтарды жаңартып, 4G желісін іске қосты. Ал 2027 жылға дейін бұл ауылға ұлттық жоба аясында талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылмақ.

БАҚЫЛАУ «ҮЗІЛІС РЕЖИМИНДЕ»

Айта кетейік, Қазақстанда байланыс сапасын өлшеуді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті мен аумақтық байланыс инспекциялары жүргізеді. Өлшеу жұмыстары бекітілген жоспар-кестелерге сәйкес облыс орталықтарында және еліміздің ірі қалаларында, республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда, сондай-ақ азаматтардың өтініштері негізінде жоспардан тыс тексерулер түрінде жүзеге асырылады.

Байланыс сапасын тексеру үшін арнайы жабдықталған көліктер – сымсыз байланыс арнасын өлшейтін құрылғылармен қамтылған жылжымалы кешендер қолданылады. Бұл көліктер «Мемлекеттік радиожиілік қызметі» РМК қарамағында. Өлшеу нәтижелері бойынша деректер талданып, олардың белгіленген стандарттарға сәйкестігі анықталады. Егер талаптарға сай келмесе, операторларға желілерін оңтайландыру жөнінде ұсынымдар жіберіледі немесе ӘҚБтК аясында әкімшілік айыппұл салынады.

Маңыздысы – 2024 жылдың шілде айында ұялы байланыс қызметтерінің сапасын бақылау жөніндегі өкілеттіктер жергілікті атқарушы органдарға (ЖАО) берілгенімен, бүгінгі күнге дейін тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілмеген. Сондықтан ЖАО бұл функцияларды толық көлемде орындай алмай отыр.

БАЙЛАНЫС ТҰРАҚТЫ БОЛА МА?

Сарапшылардың пікірінше, ұялы байланыспен 100% қамтуды қамтамасыз ету – нақты әрі қолжетімді мақсат. Ол үшін күш-жігерді өңірдің барлық аумағына емес, халықтың тұрмыс және еңбек ететін орындарына бағыттау қажет. Алайда бұл мақсатқа жету үшін операторлар, мемлекеттік органдар және қоғам арасындағы үйлесімді іс-қимыл, сондай-ақ жабдықтарды жаңарту мен байланыс мұнараларында қосалқы қуат көздерін енгізу қажет.

– Бүгінде байланыспен қамтамасыз ету тек технология мәселесі емес, ол инфрақұрылымға, жүйелі қызмет көрсетуге және операторлар мен мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара іс-қимылға тікелей байланысты. Егер резервтік қуат көзі, жаңартылған жабдықтар мен талшықты-оптикалық инфрақұрылым болмаса, азаматтардың барлығына тең цифрлық мүмкіндік туралы айту қиын, – дейді «ГрИн» Қостанай облысының азаматтық альянсы» ҚҚ төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Динара Утебаева. – Биыл біз өңірдің түрлі аудандарынан 620 тұрғын арасында сауалнама жүргіздік. Көпшілік тұрғындар электр қуаты өшкен сәтте ауылдардың мүлде байланыссыз қалатынын айтты, себебі базалық станциялар заманауи аккумуляторлармен немесе резервтік қуат көздерімен жабдықталмаған. Осындай жағдай жуырда Қарасу ауданының Жалғызхан ауылында анықталды: мұндағы «КаР-Тел» ЖШС-не тиесілі мұнара ұзақ уақыт бойы техникалық қызмет көрсетусіз қалған, сондықтан электр энергиясы үзілістері кезінде автономды жұмыс істеуі үшін аккумуляторларды ауыстыру қажет. Бұл мәселе жергілікті халық үшін әлі күнге дейін ең өзекті проблемалардың бірі болып отыр.

Тұрғындар енді жоспарланған жұмыстардың тек қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асырылатынына ғана үміттене алады. Өйткені цифрландыру дәуірінде байланыссыз қалу – жай ғана қолайсыздық емес, бұл ақпаратқа, білімге және қауіпсіздікке қол жеткізу құқығының шектелуі болып саналады.

2026 жылы байланыс операторларымен жасалған меморандумдар аясында Құсақан, Хозрет, Темірқазық, Басбек, Матросово, Шевченковка, Котлованное, Бегежан және Федосеевка ауылдарында антенна-мачталық құрылыстар (АМҚ) салынып, базалық станциялар орнатылады. Сондай-ақ сол жылы Алуа, Харьковка, Тасыбай, Өрнек, Шадықсаевка, Қайға, Теректі және Панфилово ауылдарында АМҚ салуға арналған жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленбек.

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Харьковка, Матросово, Шевченковка, Бегежан және Федосеевка ауылдарына талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылуы көзделген.

Өрнек, Темірқазық, Шадықсаевка, Котлованное және Теректі ауылдарында қоғамдық орындарда Wi-Fi Public желісінің ашық қолжетімді нүктелері орнатылады.

Жер бедері күрделі аймақтарда орналасқан Достық, Панфилово, Ушаково, Қайға, Басбек, Заря және Тасыбай ауылдары интернетпен геостационарлы емес спутниктік жүйелер технологиясы арқылы қамтамасыз етілетін болады.

Қоғам өкілдері Қарасу ауданының Павловское ауылына ерекше назар аударды. Мұнда бірнеше жыл бойы тұрғындар ұялы байланыс пен интернеттің жиі үзіліп қалуынан қиындық көрген. Тіпті төтенше жағдай қызметтеріне де кейде хабарласу мүмкін болмаған.

– Байланыс операторымен жасалған меморандум аясында 2024 жылы Павловское ауылында антенна-мачталық құрылыс салынып, Beeline сауда белгісімен жұмыс істейтін «КаР-Тел» ЖШС-нің 4G стандартына сай базалық станциясы орнатылды. Алғашқы кезеңде құрылғы сынақ режимінде жұмыс істеп, электр қуатының үзілуіне байланысты қысқа мерзімді ақаулар байқалды. Қазіргі таңда барлық техникалық мәселелер шешіліп, базалық станция қалыпты жұмыс режиміне ауыстырылды, – деп хабарлады цифрландыру басқармасында.

Өңірді цифрландыру бағытындағы белсенді жұмыстарға қарамастан, Қостанай облысы әлі де тұрақты ұялы байланыс пен интернетпен қамтылу бойынша бірқатар күрделі мәселелерге тап болып отыр. Бұл проблемалар кешенді сипатқа ие: халқы аз ауылдарда инфрақұрылым салудың экономикалық тиімсіздігі, жабдықтардың ескіруі және мұнараларда резервтік қуат көздерінің болмауы.

Сонымен қатар, жаңа базалық станциялардың салынуы, қолданыстағы желілердің жаңғыртылуы және талшықты-оптикалық байланыс желілерінің тартылуы сапалы байланысты қамтамасыз етуге нақты негіз қалайды. Толыққанды цифрлық қамтуды жүзеге асыру үшін операторлар, мемлекет және қоғам арасындағы жүйелі үйлесімділік, сондай-ақ инфрақұрылымды тұрақты түрде техникалық қызмет көрсетіп отыру қажет. Тек осындай кешенді тәсіл ғана шалғайдағы ауыл тұрғындарына тең цифрлық мүмкіндіктер ұсынуға жол ашады.

Ангелина РОМАНОВА,

сурет архивтен алынды

Редактор

Recent Posts

На шиномонтажных сервисах Мендыкаринского района в минувший понедельник наблюдался ажиотаж

Причиной такой ситуации послужила непогода, которая застала водителей врасплох. (далее…)

2 дня ago

Милана Джафарова признана лучшим интервьюером сельскохозяйственной переписи по Мендыкаринскому району

20 октября, завершился второй этап масштабной сельскохозяйственной переписи, охвативший 4969 личных подсобных хозяйств в селах…

2 дня ago

В райцентре открылась кофейня, аналогичных которой в Мендыкаринском районе нет

Данный бизнес молодая пара Серик Авгумбаев и Светлана Юшкевич реализовали за счет собственных средств. (далее…)

3 дня ago

В Сосновской школе Мендыкаринского района действует отряд юных помощников полиций

Направление играет ключевую роль в формировании правовой культуры, профилактике правонарушений среди несовершеннолетних и поддержании порядка…

2 недели ago

В Мендыкаринском районе продолжается работа по установке датчиков дыма социально-уязвимым слоям населения

В первую очередь сотрудники отдела по ЧС устанавливают датчики угарного газа – многодетным семьям. (далее…)

2 недели ago

Меңдіқара ауданының тұрғыны Роза Сағындықызы өмірінің 30 жылын кітапхана саласына арнаған

Бұл мереке – қоғамның рухани байлығын арттырып, білім мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген…

2 недели ago

This website uses cookies.