Туған жерге тамырын терең жайған еңбек адамы

    Кей адамдар үшін туған жер – балалық шақтың естелігі ғана.

Ал енді біреулер үшін ол өмірлік тағдыр, адал еңбек пен азаматтық борыштың мекені. Бар ғұмырын орманды қорғауға арнаған Манарбек Әбдірахманов дәл сондай жандардың қатарында. Ол үшін орман – жай ғана жұмыс орны емес, әкесінен қалған аманат, өмірінің мәні.

Әке аманатына адал ұл

Манарбек Әбдірахмановтың еңбек жолы өзгеше қалыптасты. Негізгі мамандығы – агроном. Алайда тағдыр оны басқа соқпаққа бастады. Әуелі темір ұстасы болып еңбек етті. Кейін әкесі Сайын ақсақалдың жолын жалғап, орман шаруашылығына келді. Бүгінде оның осы салада еңбек еткеніне отыз алты жыл болды. Қазір орман шаруашылығында шебер қызметін атқарады. Әкесі Сайын қария да өмір бойы орман күзетіп, жиырма жыл орманшы болып еңбек еткен. Зейнетке шығарда ұлына бір ғана аманат айтқан екен.

«Мен негізі агроном мамандығын оқыдым. Бірақ сол салада жұмыс істемедім. Кейін темір ұстасы болдым. Артынан әкемнің жолын қуып, орманшы болып кеттім. Әкем үнемі «Ақ таяғымды кірлетпе» деп айтып отыратын. Сол сөзді өмірлік ұстаным етіп келемін. Әкемнің атына кір келтірмей еңбек етуге тырыстым. Алла қаласа, енді өзіміз де зейнетке шығатын уақыт таяп қалды», – дейді Манарбек аға.

Оның әр сөзінен мамандыққа деген құрмет пен туған жерге деген шынайы сүйіспеншілік сезіледі.

Орман – өмірінің бір бөлшегі

Манарбек аға үшін бұл өлкенің әр сүрлеуі таныс. Қай жерде қандай ағаш өсетінін, қай тұста аң-құс мекендейтінін, қай маусымда қандай қауіп болатынын бес саусағындай біледі. Өзі Жапалақ немесе Күзекшоқ атанып кеткен шағын ғана бөлімшеде тұрады. Жұбайы Гүлнар апамен бірге қыздарын өсіріп, қызықыған кенеліп отыр. Балалары бүгінде қалада еңбек етіп жүргенімен, ерлі-зайыпты туған жерден көшуді ешқашан ойламаған.

«Қалаға барып тұрамыз. Бірақ көңіліміз осы жерде. Осындағы тыныштыққа, табиғатқа ештеңе жетпейді», – дейді олар.

Ауыл тағдыры алаңдатады

Өмірін ауылмен байланыстырған азаматтың көңілінде алаң да жоқ емес. Ең үлкен мәселе – халық санының азаюы.

«Мектептегі бала саны жылдан-жылға азайып барады. Егер мектеп жабылса, ауылдың да болашағы бұлыңғыр болады. Сондықтан мемлекет тарапынан нақты қолдау қажет. Әсіресе оңтүстік өңірлерден көшіп келетін азаматтар көбейсе, ауыл қайта жанданып, тіршілік те қызар еді», – дейді орманшы.

Бұл тек Манарбек ағаның ғана емес, шалғай ауылдардың көбіндегі тұрғындардың ортақ тілегі. Соған қарамастан ауылда елдің еңсесін түсірмей, қолынан келгенін жасап жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі жергілікті кәсіпкер Мақсұт Ережепов. Ол ауылдың әлеуметтік мәселелеріне тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Елді мекенде арнайы қоғамдық қор құрылған. Сол қор арқылы түрлі игі бастамаларға қаржы бөлініп, ауыл тұрғындарының ортақ мәселелері шешіледі.

Табиғатты түлеткен тағылымды іс

Туған жерге жанашырлықтың тағы бір жарқын үлгісін «АгроКомЛэнд» шаруашылығы көрсетіп отыр. Шаруашылық жетекшісі Қайрат Омаровтың бастамасымен осыдан төрт-бес жыл бұрын ауыл маңында ағаш отырғызу жұмысы қолға алынды. Көнекөз қариялардың айтуынша, бұл өңір кезінде қалың орман болған. Уақыт өте келе ағаштар сиреп, жер құлазып қалған. Табиғатқа қайта жан бітіруді мақсат еткен шаруашылық басшысы жерді өз қаражатымен өңдетіп, үлкен игі істі бастап кеткен. Бұл бастамаға ауыл тұрғындары мен шаруашылық жұмысшылары түгелге жуық атсалысты. Бірліктің арқасында ұзындығы 300 метр, ені 40 метр болатын аумаққа жүздеген жас көшет отырғызылды. Бүгінде сол көшеттер тамыр жайып, айналаны қайтадан жасыл желекке бөлей бастады.

«Осыдан 5-6 жыл бұрын отырғызған жас көшеттер қазір адам бойына жетіп қалды. Өзіміз баптап күтеміз», – дейді орманшы ағай.

Суретті түсірген автор

Редактор

Recent Posts

Меңдіқарада жазғы аудандық спартакиада алауын жақты

 Меңдіқара ауданында дәстүрге айналған жазғы спартакиада биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, бұқаралық спорттың мерекесіне…

10 минут ago

Меңдіқарада «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары анықталды

Меңдіқара ауданында ұлттық құндылықтарды ұлықтап, отбасы институтын нығайтуға бағытталған дәстүрлі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық…

3 часа ago

Накануне уборки: О чем говорят фермеры Мендыкаринского района?

О насущных вопросах перед уборочной кампанией шла речь на полях крестьянского хозяйства «SDS». (далее…)

3 дня ago

Меңдіқарада жол инфрақұрылымы жаңаруда

Меңдіқара ауданында биыл жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. (далее…)

3 дня ago

This website uses cookies.